City National Bank қаржы ұйымы американдық поп-әнші Бритни Спирстің бұрынғы жұбайы Кевин Федерлайнға қарсы талап арыз берді. 48 жастағы биші әрі диджейден 117 704 доллар өндіріп алу талап етіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сот құжаттарына сәйкес, қарыз үш бағыт бойынша қалыптасқан: несие картасы, жеке несие желісі және овердрафт. Талапкердің дерегінше, жауапкер шоттарды 2024 жылдың қарашасында ашқан — бұл бұрынғы жұбайы тарапынан қаржылай қолдау тоқтаған уақытқа дөп келген.
Несие ұйымы өтеу мерзімдері әлдеқашан өткенін алға тартады: овердрафт пен несие желісі бойынша қаражатты Федерлайн 2025 жылдың көктемі мен жазында, ал картадағы қалдықты 2026 жылдың тамызында қайтаруы тиіс еді. Негізгі қарыздан бөлек банк пайыз есептеп отыр, несие картасының мөлшерлемесі жылына 20,5%-ға жетеді.
Бұған дейін әртіске Bank of America да 12 мың доллардан астам қаражатты қайтаруды талап етіп, шағым білдірген болатын.
Ақшалай қиындықтар Спирс пен Федерлайнның ұлдары кәмелетке толғаннан кейін ушықты. Жұп 2004-2007 жылдары некеде болып, екі бала — Шон Престон мен Джейден Джеймсті тәрбиелеп өсірді. Ұзақ уақыт бойы әнші бұрынғы күйеуіне ай сайын 40 мың доллар аударып тұрған, кейін бұл сома 20 мыңға азайған, ал кенже ұлы мектепті бітірген соң төлемдер мүлдем тоқтаған.
Өз мемуарларында Федерлайн бұл ақша ұлдарын Гавайиде күзетуге жұмсалғанын, ал шығындар келіп түскен транштардан асып түскенін мәлімдеген.


