FlyArystan лоукостері үш күндік науқан бастағанын хабарлады. Оның аясында ішкі және халықаралық рейстерге әуе билеттерінің құны 20%-ға арзандайды. Арнайы тарифтермен билеттерді 2026 жылғы 7-9 қазан аралығында сатып алуға болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Компанияның нақтылауынша, арзандатылған тарифтермен екі кезеңде саяхаттауға болады: 2026 жылғы 9 қараша мен 23 желтоқсан аралығында және 2027 жылғы 11 қаңтар мен 3 наурыз аралығында.

Ұсыныс Алматы, Астана, Атырау және Ақтаудан ұшатын рейстерге қатысты. Алматыдан жеңілдікпен Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Атырау, Астана, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларына және кері бағытта ұшуға болады. Астанадан — Ақтөбе, Шымкент, Қостанай, Семей, Атырау, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларына және кері бағытта. Атыраудан Шымкентке және кері бағытта, Ақтаудан да Шымкентке және кері бағытта ұшу мүмкіндігі бар.

Ішкі бағыттардан бөлек, науқанға екі бағыттан басқа барлық халықаралық бағыттар қатысады: Ақтау – Дубай – Ақтау және Алматы – Инин (Құлжа) – Алматы.

«FlyArystan ресми сайтында әуе билеттеріне жеңілдік автоматты түрде қолданылады. Мобильді қосымшадан билет сатып алғанда басты бетте «Bereke» промокодын енгізу қажет», — деп түсіндірді компанияда.

Еске салайық, Қазақстаннан Дубайға рейстер 2026 жылғы қыркүйекте қайта жаңғыртылған болатын.