Қазақстан Ішкі істер министрлігі студенттер мен жоғары оқу орындарының басшылығына үндеу жасады. Оның мақсаты — қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың және қорлаудың алдын алу, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ІІМ-нің ақпараттық медиапорталында атап өтілгендей, студенттердің қауіпсіздігі — бұл жай ғана қоғамдық тәртіп мәселесі емес, ата-аналардың сенімі мен оқу орындарының жауапкершілігі мәселесі. Әрбір студент өзін университет қабырғасында да, жатақханада да қорғалған сезінуі тиіс.
«Ішкі істер министрлігінің ұстанымы айқын: студенттер ортасында зорлық-зомбылыққа, қорлауға, бопсалауға және заңдылықты бұзудың кез келген көрінісіне орын болмауы керек. Полицияның, әкімдіктердің және жоғары оқу орындары басшылығының бірлескен жұмысы бүгінде дәл осыған бағытталған», — деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина.
Ол құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын қосты. Оқу жылы басталғаннан бері ғана 566 құқықбұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде 23 ұсақ бұзақылық фактісі, 211 — тыйым салынған жерлерде темекі шегу, 234 — көші-қон заңнамасын бұзу.
Студенттік жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітілді. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, өткізу режимі қамтамасыз етілуде, жеке профилактикалық жұмыс жүргізілуде. 207 түрлі профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді — бұл студенттермен және оқытушылармен кездесулер, дәрістер мен әңгімелесулер, дөңгелек үстелдер. Студенттерге қолжетімді жерлерде учаскелік инспекторлардың байланыс деректері орналастырылды. Университеттерде ішкі қауіпсіздік қызметтерінің тәулік бойы күзетуі ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, ІІМ-де атап өткендей, әрбір оқу орнының басшылығы студенттердің қауіпсіздігі үшін өз жауапкершілігін сезінуі аса маңызды.
«Зорлық-зомбылық фактілерін жасыруға, студенттердің өтініштерін елемеуге немесе оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға жол берілмейді. Әрбір сигналдың артында адамның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп тұруы мүмкін. Студенттерге бөлек үндеу жасағымыз келеді. Ешкімге қадір-қасиетіңізді қорлауға, сізді қорқытуға немесе құқыққа қарсы әрекеттерге мәжбүрлеуге жол бермеңіз. Егер сіз зорлық-зомбылықтың, қорқытудың немесе бопсалаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз — дереу полицияға хабарласыңыз. Сонымен бірге заң шегін аттаған әркім студент мәртебесі жауапкершіліктен босатпайтынын түсінуі керек. Әрбір құқыққа қарсы әрекетке қағидатты құқықтық баға беріледі. Кінәлілер заңда белгіленген жауапкершілікке тартылады. Ауыр бұзушылықтар кезінде оқу орындары оқудан шығару мәселесін қарауға құқылы. Біз жастар ортасында заңға құрмет және зорлық-зомбылықтың кез келген түрін қабылдамау мәдениетін бірге қалыптастыруымыз керек», — дейді Құралай Карина.


