Алматының «Қайрат» жастар командасы УЕФА Жастар лигасының елдер чемпиондары жолының бастапқы раундында Черногорияның «Младость Донья Горица» клубын өз алаңында ірі есеппен жеңді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Екі ойыннан тұратын қақтығыстың екінші кездесуі Алматыдағы Тимур Сегізбаев атындағы Академия стадионында өтіп, алаң иелерінің 8:1 есебімен жеңісімен аяқталды.

«Қайрат» сапында ойын барысындағы голдарды жартылай қорғаушылар Тоқтар Исмағұлов (5-минут) пен Абылай Төлеухан (79), шабуылшылар Артур Трубин (37) және Абылай Жылқайдар (90+1), қорғаушы Данияр Ташпұлатов (76) соқты. Пенальтиден жартылай қорғаушылар Дәулет Орынбасар (28) мен Нұржан Еркін (88) мергендік танытты.

Қонақтар сапынан жалғыз допты қорғаушы Петар Пантич (70) енгізді. Тағы бір черногориялық қорғаушы Эди Никочевич (42) автогол соғып, ойын соңында қызыл қағаз алды (87).

Екі ойынның қорытындысы бойынша «Қайрат» 13:1 есебімен басым түсті. Алматылықтар келесі раундқа шығып, Будапешттің МТК клубымен кездеседі.