Канадалық 61 жастағы ДоннаДжин Уайлд АҚШ-тың Юта штатында өткен жарыста іш бұлшықеттерін нығайтатын классикалық жаттығуды тура бес сағат ұстап тұрды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Канадалық спортшы Huntsman World Senior Games аға жастағылар ойындарында әйелдер арасындағы ең ұзақ планка бойынша өз әлемдік рекордын жаңартты. Юта штатындағы өнер көрсету барысында ол шынтағына сүйеніп, 15:03-те қалыпқа тұрды да, 20:03-ке дейін сол статикалық қалыпта қалды.
Уайлд үшін бұл — алғашқы осындай жетістік емес. Бұрын Гиннесс рекордтар кітабына тіркелген рекорд төрт сағат, 30 минут және 11 секундты құраған еді, алайда бұл жолы спортшы нәтижені жақсартуды ұйғарды. Канадалық спортшының айтуынша, әрекеттің соңына қарай ол қатты күмән мен шаршауды бастан кешірген, бірақ көрермендердің қолдауы уақытты бес сағатқа жеткізуге көмектескен.
Жарысқа дайындық кезінде Уайлд ерекше әдіс қолданған: жаттығу барысында планкада тұрғанда оның арқасына үш жасар немересі жатқан. Бес сағаттық жүктемеден кейінгі келесі күні спортшы 3000 метрге жүгіру жарысына қатысып үлгерді. Қазір нәтиже Гиннесс рекордтар кітабына ресми тіркеуге жіберілді.


