Қарағанды облысында қыс маусымы қарсаңында зейнеттегі жол полициясының ардагерлері патрульдік полиция батальонының қызметтегі қызметкерлерімен кездесіп, кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, әрбір қызметтік шешімнің құны туралы еске салды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Іс-шара патрульдік полиция батальоны жеке құрамының таңғы сапқа тұруынан басталды. Содан кейін әр жылдары жол полициясында басшылық лауазымдарды атқарған ардагерлер жас әріптестерімен республикалық және облыстық маңыздағы жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылады.

Әңгіменің басты тақырыбы — алдағы қыс болды. Қар жауып, көктайғақ, бұрқасын мен көрінудің шектелуі жыл сайын жүргізушілер үшін де, полицейлер үшін де ауыр сынаққа айналады. Мұндай жағдайда күшейтілген патрульдеу, апаттылықтың алдын алу және қар құрсауында қалған адамдарға көмекке келуге дайын болу ерекше маңызды.

Көп жылдық қызмет тәжірибесі бар ішкі істер органдарының ардагері Николай Калашников жас патрульдерге ақ тілегін арнады.

«Патрульдік полицияның жұмысы әрдайым оңай болған емес, қазір де солай. Сіздер жаздың аптабында да, қыстың аязында да, бұрқасын мен қолайсыз ауа райында да қызмет атқарасыздар. Зейнетте болсам да, сіздердің жұмыстарыңызды бақылап отырамын. Алда ең жауапты кезеңдердің бірі тұр. Қыста жол-көлік оқиғаларының қаупі артып, адамдар қар көшкінінде қамалып қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан жолдарда полиция нарядтарының болуын күшейтіп, көмекке мұқтаж адамдарды назардан тыс қалдырмай, ең алдымен алдын алу жұмыстарымен айналысу қажет. Кейде трассадағы уақтылы ескерту немесе көмек адам өмірін сақтап қалуы мүмкін», — деді Николай Калашников.

Өз кезегінде әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимов ардагерлердің тәжірибесі қызметтегі қызметкерлер үшін ерекше құнды екенін, ал трассалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелі жұмысты талап ететінін атап өтті.

Қарағанды облысында қосымша шаралар қазірдің өзінде қолға алынып жатыр. Былтырдан бері автожолдардағы полиция нарядтарының саны артты, ал қыс кезеңінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері республикалық маңыздағы трассаларда қызметтің күшейтілген режиміне көшеді.

«Жол қауіпсіздігі — біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Бүгінгі кездесу — жас қызметкерлерге кәсіби тәжірибе жеткізу ғана емес, осы қызметке көп жылдарын арнаған адамдардың нақты ұсыныстарын тыңдау мүмкіндігі. Биыл қабылданған шаралар кешенінің арқасында жол-көлік оқиғалары мен ондағы қаза тапқандар санын азайтуға қол жеткізілді. Қыс кезеңінде трассалардағы қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 37 рет автомобиль колонналарын сүйемелдеу ұйымдастырылып, нәтижесінде 13 мыңнан астам көлік межелі пункттеріне жеткізілді. Бұл сандардың артында мыңдаған адамның қауіпсіздігі тұр», — деді Бағдат Какимов.

Кездесу соңында ардагерлерге бүгінде патрульдік полиция батальонының қару-жарағындағы арнайы техника көрсетілді.

Жол полициясының бұрынғы басшылары үшін бұл қызметтің қалай өзгергенін көру мүмкіндігі болса, жас қызметкерлер үшін кәсібилік, жауапкершілік және көмекке келуге дайындық уақыт пен ұрпаққа қарамастан полиция қызметінің басты қағидаттары болып қала беретініне тағы да көз жеткізу болды.