Бітімгерлік қызмет әскерилерден тек әскери шеберлікті ғана емес, халықаралық құқық нормаларына қатаң сәйкес әрекет ету қабілетін де талап етеді. Қазақстан ұлттық контингенттерді БҰҰ операцияларына қатысуға дайындауға ерекше көңіл бөліп, кәсіби дайындықты халықаралық гуманитарлық құқықты зерделеумен және шетелдік сарапшылардың тәжірибесімен ұштастырып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Негізгі бағыттардың бірі — болашақ бітімгерлердің қақтығыс аймақтарындағы мінез-құлық ережелерін, қабылдаған шешімдер үшін жауапкершілікті және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау ерекшеліктерін түсінуін қалыптастыру. Атап айтқанда, 2027 жылы Голан биіктеріндегі БҰҰ миссиясының құрамында тапсырмаларды орындауға арналған әскерилерді дайындау халықаралық гуманитарлық құқықтың негізгі қағидаттарын зерделеуді көздейді.
Бұл үдерісте Халықаралық Қызыл Крест комитетімен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Ұйым сарапшылары қазақстандық әскерилерді халықаралық нормалармен таныстырып, оларды бітімгерлік операцияларда қолдану ерекшеліктерін түсіндіреді және қарулы күштермен жұмыс істеудің практикалық тәжірибесімен бөліседі.
Дайындықтың кем емес маңызды бөлігі — бітімгерлер қызмет барысында тап болуы мүмкін жағдайларды модельдеу. Практикалық сценарийлерді талдау оқиғаларға ден қою тәртібін пысықтауға, ахуалды бағалауға және БҰҰ мандаты мен халықаралық құқық талаптарын ескере отырып шешім қабылдауға көмектеседі.
Бітімгерлік операциялар орталығында құқықтық сауаттылық бітімгердің кәсіби дайындығының міндетті құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Халықаралық нормаларды түсінуден қойылған міндеттерді орындау ғана емес, әскерилердің өз әрекеттері үшін жауапкершілігі де байланысты.
Мұндай дайындық Қазақстанның бітімгерлік әлеуетін нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және ұлттық контингенттің БҰҰ операциялары аясында тапсырмаларды орындауға дайындығын арттыруға ықпал етеді.


