Қазақстан хоккей федерациясының атқарушы директоры Рустам Ибраев шетелдік БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған, елдің әлем чемпионатында ресейлік құраманы бойкоттауды қолдайды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Атқарушы директордың тиісті мәлімдемесі Қазақстан хоккей федерациясының сайтында жарияланды. Рустам Ибраевтың айтуынша, бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қазақстан хоккей федерациясы ресейлік хоккейшілерді бойкоттауды қолдайды деген хабар тараған. Ибраев бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

«Қазақстан Халықаралық хоккей федерациясының (IIHF) толыққанды мүшесі және өз қызметін оның жарғысы мен регламенттеріне қатаң сәйкес жүзеге асырады. Біз құрамаларды жіберу және әлем чемпионаттарына қатысушылардың құрамын қалыптастыру мәселелері IIHF-тің айрықша құзыретіне жатады және олар уәкілетті сот инстанцияларының ұстанымы мен қолданыстағы халықаралық спорт нормаларын ескере отырып шешілуі тиіс деп есептейміз. Қазақстан хоккей федерациясы халықаралық ынтымақтастықты дамытуды, адал спорттық бәсекені, барлық қатысушылар үшін тең жағдайды дәйекті түрде қолдайды», — деді Ибраев.

Жалған ақпаратқа қатысты жағдайды Орталық коммуникациялар қызметінің дезинформацияға қарсы күрес орталығы да түсіндірді. Онда әлеуметтік желілерде туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа телінген, бірақ ол айтпаған мәлімдемелері бар жазбалар тарағанын айтты.

«Ақпараттық жалған хабарлама орыс, чех және ағылшын тілдерінде X және Bluesky аккаунттары арқылы тарады. Таратушылар ретінде Шығыс және Орталық Еуропаның бірнеше елін қамтитын пайдаланушылар жұмылдырылған. Бірнеше сағат ішінде X-тегі бастапқы жазба 12 мыңнан астам қаралым және 200-ден астам репост жинады. Бірдей тұжырымның бір мезгілде бірнеше тілде ілгерілетілуі дезинформацияның таралуын үйлестіру белгілерін көрсетуі мүмкін», — деп атап өтті орталықта.

Онда тараған хабарламалардың шындыққа сәйкес келмейтіні атап өтілді. Қазақстанның ресми ұстанымы туралы мұндай бұрмалаулар халықаралық шиеленісті жасанды түрде ушықтыруға бағытталған.