Қазақстан мыстан дайын өнім шығаруды кеңейтіп, автокомпонент өндірісін жергілікті жерде жолға қойып, ішкі нарықта отандық құрылыс материалдарының үлесін арттырмақ. Өнеркәсіп саласында қандай өзгерістер күтіліп отырғаны туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Басым бағыттардың бірі — мыс өнеркәсібін дамыту. Қазіргі таңда қазақстандық кәсіпорындар өндірілетін мыс концентратының жалпы көлемінің шамамен 59%-ын өңдейді, ал ол 3,4 млн тоннаны құрайды. Ішкі өңдеу қуатын кеңейту үшін тарифтерді мемлекеттік реттеуді көздейтін түзетулер дайындалды. Бұл туралы үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Сонымен қатар Балқаш пен Ақтоғайда екі мыс қорыту зауытын салу жобалары пысықталып жатыр. Өндірістік қуаты 300 мың тоннаны құрайды. Қосымша шикізат көлемін Көксай мен Айдарлы жобалары қамтамасыз етеді, олардың арқасында тағы 1,7 млн тонна мыс концентратын алу жоспарлануда. Болжамдарға сәйкес, 2030 жылға қарай оны өндіру бір жарым есеге, мыс шығару екі есеге өсіп, одан жасалатын дайын өнім көлемі 40 мың тоннаға жетеді.

Осымен қатар елде жергілікті өндірісті дамытуға және кәсіпорындар арасындағы кооперацияны кеңейтуге жағдай жасалып жатыр. Оның бір құралы ретінде заңнамада салалық кластерлер тетігі бекітілді. Ол ірі кәсіпорындар жергілікті шикізат жеткізушілерімен, құрамдас бөліктерді дайындаушылармен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, ғылыми және сервистік ұйымдармен өзара әрекеттесетін бірыңғай өндірістік жүйе құруды көздейді.

Кластерлік тәсілді алғашқы кезеңде екі салада — автомобиль жасау мен теміржол машина жасауда сынап көру жоспарлануда. Атап айтқанда, қазақстандық кәсіпорындар аккумулятор, шина, мультимедиялық кешендер мен автомобиль орындықтарын жасауды игеріп үлгерді. Сонымен қатар отандық болатты пайдаланып, штамптау әдісімен автобустарға арналған шанақ бөлшектерін өндіру жолға қойылды. Биыл өнім ассортименті жылыту, желдету және кондиционерлеу жүйелерімен, еден жабындарымен және жүк көліктері қозғалтқыштарына арналған цилиндр блоктарымен толықты.

Келесі кезең автомобиль құрамдас бөліктерінің номенклатурасын кеңейтуді көздейді. Мәселен, Қостанайда жыл соңына дейін қуаты 60 мыңға дейінгі автокомпонент шығаратын кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда. Алматыда сым бауларын, тежегіш және отын түтіктерін шығаруды жолға қоймақ. Теміржол машина жасау да дамып келеді: отандық өндірушілер тұтас домалақталған дөңгелектерді, вагондарға арналған белдіктерді, стрелкалық ауыстырғыштар мен рельс бекітпелерін шығарады.

Отандық өндірісті кеңейтудің тағы бір бағыты — құрылыс материалдарын шығару. Министрдің айтуынша, қазақстандық кәсіпорындар осы өнімге ішкі қажеттіліктің шамамен 73%-ын жауып отыр. Саланы одан әрі дамыту үшін "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына сұранысты бағалау және жаңа өндірістік қуаттар құруға инвестиция тарту көзделген.

Алдағы үш жылда ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80%-ға жеткізу жоспарлануда.