Қазақстанның жастар құрамасы (U21) футболдан 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде сырт алаңда Молдова командасынан жеңіліс тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

D тобының ойыны Ниспорень қаласының Орталық стадионында өтіп, алаң иелерінің 3:2 есебімен жеңісімен аяқталды.

Алғашқы екі гол қонақтардың еншісінде болды: 13-минутта шабуылшы Сэйф Попов, ал 38-минутта жартылай қорғаушы Мирас Оматай көзге түсті.

Үзіліске дейін молдовандықтар 43-минутта жартылай қорғаушы Василе Лукицэнің дәл соққысымен айырмашылықты қысқартты. Сол футболшы үстеме уақытта қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Екінші таймда Қазақстан құрамасы тоғыз ойыншымен қалды: Оматай (50-минут) мен қорғаушы Сұлтан Асқаров (75-минут) алаңнан қуылды. Молдовандықтар жартылай қорғаушы Сергей Турканның 72 және 90-минуттарда соққан дублінің арқасында жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасы Еуро-2027 іріктеуін бір жеңіс, бір тең ойын және сегіз жеңіліспен аяқтады. Төрт ұпаймен ұлттық команда топта соңғы, алтыншы орынға тұрақтады.

Молдовандықтар сегіз ұпай жинап, Андорраны басып озып, төртінші орынға көтерілді. Топта сондай-ақ Англия, Ирландия және Словакия өнер көрсетті.