Қазақстан Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлік құрамында тұңғыш рет әйел жауынгер пайда болды. Ол — бұған дейін халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған, «Китана» лақап атымен танымал Қымбат, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлағандай, қыздың елдегі ең элиталық арнайы бөлімшелердің біріне жолы Думайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарыстарынан басталды. «Китана» Қазақстан атынан шыққан «Томирис» әйелдер командасының құрамында өнер көрсетті.
Әйелдер санатында қазақстандық спортшылар қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орынды иеленді. Жалпы командалық есепте олар бірқатар ерлер командасын артқа тастап, 18-ші сатыға тұрақтады.
Осыдан кейін Қымбатқа отряд қатарын толықтыру ұсынылды — осылайша ол аталған арнайы бөлімше тарихындағы тұңғыш әйел жауынгер атанды.
Ведомствода атап өткендей, «Китана» — қол күресінен Қазақстанның алты дүркін чемпионы, әлем чемпионаттарының күміс және екі дүркін қола жүлдегері, Әлем кубогының, Еуропа және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері.
Сонымен қатар джиу-джитсудан ол үш дүркін әлем және Азия чемпионы, сондай-ақ екі дүркін Еуропа чемпионы атанды. ММА-да Қазақстан және Азия чемпионы титулдарын жеңіп алып, боевой самбодан ел чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері болды.
Ал Бүкіләлемдік полиция ойындарында Қымбат дзюдодан алтын, джиу-джитсудан күміс медаль жеңіп алды. Қыз қол күресі мен джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо және ММА-дан спорт шебері.


