АҚШ пен Канаданың жоғары футбол дивизионы саналатын MLS (Major League Soccer) аясындағы кезекті турда «Интер Майами» сырт алаңда «Атланта Юнайтедті» 3:1 есебімен ұтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Кездесу «Мерседес Бенц» стадионында өтті. Бірінші таймда 45-ші минутта Херман Бертераме есеп ашты. Үзілістен кейін қонақтардың басымдығын тағы бір аргентиналық шабуылшы Лионель Месси бекіте түсті: ол 56-шы және 60-шы минуттарда гол соғып, дубль жасады. Алаң иелерінің жалғыз голын 89-шы минутта пенальтиден гаитилік жартылай қорғаушы Фафа Пико енгізді.

Үшінші қатарынан жеңіс «Интер Майамидің» қоржынын 55 ұпайға толықтырды. Клуб плей-оффқа шығуды әлдеқашан қамтамасыз етіп, Шығыс конференцияда екінші орында тұр. Ол тек «Нэшвиллден» (67 ұпай) ғана артта қалып отыр. «Атланта Юнайтед» сол конференцияда 30 ұпаймен соңғылардың алдындағы 14-ші орында.

Месси MLS-тің бомбардирлер тізіміндегі көшбасшылығын нығайтты: оның биылғы маусымдағы еншісінде 25 гол бар. Жалпы кәсіби футболда 39 жастағы шабуылшының есебінде қазір 936 гол жиналды.