Оралда той кортежінің қатысушылары жолдағы қауіпті әрекеті үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталында мәлім болғандай, әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында полицияның назарын «Гулянка осылай бола ма, қалай?» деген атаумен тараған бейнежазба тартты.

Жазбаны зерделеу кезінде той кортежінің көпір бойымен қозғалғаны, оның жанынан басқа да көліктер жүріп отырғаны анықталды. Көлік қозғалысының қарқындылығына қарамастан, жастар терезелерден шығып, өздеріне және басқа да жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірді.

Сонымен қатар Пугачев пен Исатай-Махамбет көшелерінің қиылысында кортеж қатысушылары көлік терезелерінен шығып, қимыл-қозғалыс жасауды жалғастырып, өздерін де, айналасындағыларды да қауіпке ұшыратты. Бейнежазбада көлік жүргізушісінің қауіпті маневрлері де тіркелген.

Бейнежазба қала тұрғындарының сынына ұшырады. Полиция қызметкерлері бейнежазбада түсірілген Toyota Land Cruiser Prado және Subaru Legacy көліктерінің жүргізушілерін, сондай-ақ терезелерден шығып, қауіпті әрекеттер жасаған жастарды анықтады. Олар өңірдің 19 бен 22 жас аралығындағы тұрғындары болып шықты.

Аталған азаматтармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жүргізушілер мен жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндірген басқа да адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.