Германиядағы нейробиологтар қара қарғалардың көру ақпаратын өңдеп, дәл шешімді небәрі 235 миллисекундта қабылдайтынын анықтады. Бұл адам мен маймылға қарағанда екі есе жылдам, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Осындай тұжырымға Тюбинген университеті нейробиология институтының зерттеушілері Филипп Шмидбауэр мен профессор Андреас Нидер келді. Олар өз жұмысының нәтижелерін Science ғылыми журналында жариялады. Тәжірибе барысында құстарға экрандағы нысандардың қозғалыс бағытын анықтап, оларға жоғары дәлдікпен жауап беру үшін орта есеппен небәрі 235 миллисекунд қажет болды, деп жазады ScienceDaily ғылыми порталы.

Сынақ кезінде екі қара қарғаға сенсорлық экранда қозғалыстағы нүктелер шоғыры көрсетілді. Құстар олардың көпшілігі қай жаққа — солға әлде оңға — жылжып жатқанын түсініп, дисплейдің тиісті жағындағы нысанды тұмсығымен шұқуы керек еді. Филипп Шмидбауэрдің айтуынша, тіпті тану қиын траекториялар кезінде де қарғалар кездейсоқ болжамнан жақсырақ жауап берген, ал айқын сигналдар кезінде олардың таңдау дәлдігі 100 пайызға жуықтаған.

Құстардың миында адамның префронтальді қыртысына ұқсас қызмет атқаратын каудолатеральді нидопаллиум аймағындағы жекелеген нейрондардың белсенділігін жазу бағыттарды ажырату нүктелер пайда болғаннан кейін 70 миллисекундтан соң басталғанын көрсетті. Андреас Нидердің пікірінше, құстарда үлкен жарты шарлардың қабатты қыртысы болмаса да, олардың миы шешім қабылдау үшін деректерді жинақтаудың приматтар миымен бірдей іргелі қағидаттарын пайдаланады. Ал рекордтық жылдамдық эволюция барысында ұшу кезіндегі дәл маневрлер мен тұмсықпен жұмыс істеу үшін дамыған.