Қостанай қалалық соты акционерлік қоғамның талап арызын қанағаттандырып, жергілікті тұрғынды кредитке алынған, жалпы құны 12 млн теңгеден асатын екі автокөлікті банкке кепілге беруге міндеттеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-каналында жазылғандай, сот акционерлік қоғамның азаматқа мүлікті кепілге беруге мәжбүрлеу туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, банк пен жауапкер арасында банктік заем шарттары жасалған. Осы шарттар бойынша банк әрқайсысының құны 6 млн теңгеден асатын екі көлік құралын сатып алуға заем берген. 2021 және 2022 жылдары шығарылған Chevrolet автокөліктері заем бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін кепіл ретінде рәсімделген.
Жауапкер өз міндеттемелерін уақытында орындамай, қарызды өтей алмады. Банк автокөліктерді кепілге беру туралы талап жіберген, алайда олар жауапсыз қалды.
Сот отырысында жауапкер қарызды мойындады, бірақ оны өтеу үшін қосымша уақыт сұрады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырмады, өйткені мұндай шаралар сот талқылауына дейін келісілуі тиіс.
Сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің кепіл мен банктік шарттардың талаптарын реттейтін баптарын, сондай-ақ жауапкер өз еркімен қол қойған шарт тармақтарын басшылыққа алды.
Нәтижесінде сот талапкердің талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Жауапкер өз иелігіндегі автокөліктерді банкке кепілге беруге міндетті.


