Қостанай облысында 1 млн теңге көлеміндегі негізсіз баюды өндіріп алу туралы дау тараптар арасында келісім жасасумен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Рудный қалалық соты негізсіз баю сомасын өндіріп алу туралы талап қою бойынша тараптар арасындағы дауды реттеді. Талап қоюшы жауапкерге аталған соманы өндіріп алу талабымен сотқа жүгінген.
Іс мән-жайынан белгілі болғандай, талап қоюшы бейтаныс адамдардың алаяқтық әрекеттерінің салдарынан адасу жағдайында мобильді қосымша арқылы 1 млн теңге көлеміндегі ақшаны жауапкердің есепшотына аударған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, талап қоюшы жәбірленуші деп танылған.
Татуластыру рәсімін жүргізу барысында тараптар судья-татуластырушының көмегімен сот медиациясы тәртібімен келісім жасасу арқылы дауды реттеді.
Келісім шарттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшының пайдасына 1 млн теңге көлеміндегі негізсіз баю сомасын бөліп төлеуге, яғни ай сайын 50 мың теңгеден төлеуге міндеттеме алды.
Сот ұйғарымымен жоғарыда аталған келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.


