Жастар арасындағы (23 жасқа дейінгі) әлем чемпионатында Қазақстанның әйелдер күрес құрамасы жүлде есебін ашты: командаға алғашқы медальді Шұғыла Өмірбек әперді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстандық спортшы 53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесті. Жуырда өткен Азия ойындарында дәл осы салмақта ол үздік бестікке енді. Әлем чемпионатында Өмірбек ширек финалда ұтылып қалды, алайда жұбату раунды арқылы қола жүлде үшін күресу мүмкіндігіне ие болды.
Жүлде үшін белдесуде қазақстандық украиналық Снежана Онуфриевадан басым түсті — 11:10. Бұл награда аталған турнирде әйелдер ұлттық құрамасы үшін тұңғыш болды.
Қазақстанның тағы бір өкілі Виктория Хусаинова (59 келіге дейін) қола жүлде үшін белдесуде жеңіліп, пьедесталдан бір қадам қалғанда тоқтады. Лаура Ганикызы (50 келіге дейін), Ұлдана Тілеухан (68 келіге дейін) және Алина Ертостик (76 келіге дейін) жарыстың финалдық блогына өте алмады.


