Шымкент тұрғыны TikTok әлеуметтік желісінде қалдырған пікірі үшін 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл шешімді қаланың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шымкент соттарының Telegram-арнасында мәлім еткендей, оқиға 2 қазанда болған: ер адам TikTok-та азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғатын пікір жазған. Соттың бағамынша, ол осылайша айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша қаралды.
«Құқық бұзушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және істің басқа да материалдарымен расталады. Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, оған неғұрлым жеңіл жаза тағайындауды сұрады», — деді сотта.
Жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындауды, сондай-ақ бұған дейін құқық бұзушының әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын ескерді.
«Іс мән-жайлары мен құқық бұзушының жеке басын ескере отырып, сот Д.-ны әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды және оған 7 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындады», — делінген хабарламада.
Сот қаулысы жарияланған сәтте заңды күшіне енбеген.


