Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған «Виктоза» дәрісі басқа препаратпен ауыстырылады, ал қандағы қант деңгейін өлшейтін тест-жолақтар тегін берілетін дәрілер тізімінен алынып тасталмайды. Бұл туралы үкіметте өткен брифингте «СК-Фармация» басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков қазақстандықтардың шағымына жауап бере отырып мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Брифингте журналист әлеуметтік желілерде азаматтар «Виктоза» препараты мен қандағы қант деңгейін анықтайтын тест-жолақтардың тегін дәрілер тізімінен алынып тасталғанын айтып жатқанын атап өтті.
«"Виктоза" мәселесіне келсек. Бізде тізім үнемі жетілдіріліп отырады. Яғни инновациялық препараттар келіп жатыр, бүгінде қант диабеті бойынша берілетін дәрілік заттар тізімінде 50 препарат бар. Сондықтан "Виктоза" басқа препаратпен ауыстырылуда. Тест-жолақтарға келсек, олар әрине, тізімнен алынбайды. Бүгінде біз тест-жолақтарды сатып алып, қамтамасыз етіп отырмыз. Тест-жолақтар бар», — деді Нұрлыбек Асылбеков.
Журналистер жағдайдың оғаш көрінетініне назар аударды: қазақстандықтар тест-жолақтар берілмей жатқанына шағымданады, ал «СК-Фармация» керісінше тұжырымдайды.
«Биыл жыл басында, өздеріңіз білесіздер, ҚҚС енгізу және басқа да мәселелер болды. Дәл осы мәселе бойынша жыл басында, айталық, аздап жеткізілім тапшылығы болды. Бірақ бұл мәселелердің барлығы шешілді. Бүгінде біз қосымша тест-жолақтар сатып алдық, барлық өңірлер мен науқастар қамтамасыз етілген», — деп жауап берді «СК-Фармация» басшысы.
Ол тест-жолақтар болмаған жағдайда қазақстандықтар «СК-Фармация» байланыс орталығына хабарласа алатынын немесе Telegram-дағы ботқа жаза алатынын қосты.


