Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина мәнерлеп сырғанаудан Гран-при сериясының Skate Canada International 2026 кезеңіне қатысады. Дода 30 қазан мен 1 қараша аралығында Канаданың Келоун қаласында өтеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиадалық комитеті хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Әйелдер арасындағы жеке сырғанауда Самоделкина Қазақстан намысын қорғайды. Спорттық БАҚ-тың мәліметінше, канадалық кезеңде спортшы бағдарламасының мазмұнын күрделендіруді жоспарлап, оған үш айналымды аксельді — қазір жаттығу барысында игеріліп жүрген ультра-си элементін қоспақ.

Келоундағы өнер көрсетуден кейін бірден сырғанаушы Америка Құрама Штаттарына аттанады. Онда 13-15 қараша аралығында серияның келесі кезеңі — Grand Prix Skate America 2026 турниріне қатысады.

Бұған дейін «Курсив» басылымы Самоделкинаның Алматыда өткен Денис Тен мемориалы халықаралық турнирінде әйелдер арасындағы жеке сырғанаудан қола медаль жеңіп алғанын жазған болатын. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша ол 204,36 балл жинады.

Сол жарыстың жеңімпазы 2022 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, бейтарап мәртебеде сырғанаған ресейлік Александра Игнатова (қыз кезіндегі тегі Трусова) атанды — 226,01 балл. Екінші орынды кореялық сырғанаушы Ким Юджэ 209,20 баллмен иеленді.

Самоделкинадан бөлек, турнирде әйелдер арасындағы жеке сырғанаудан Қазақстанның тағы бес өкілі өнер көрсетті. Нурия Сүлеймен 122,40 баллмен 14-орынға тұрақтады. Алика Халимова 120,56 баллмен 15-ші, Амира Ирматова 117,00 баллмен 16-шы болды. Зере Сарбаллина турнирді 108,73 баллмен 18-орынмен аяқтаса, Амина Алексеева 98,20 баллмен 19-орынды иеленді.