Ресейдің Splat Global компаниясы әлемдегі алғашқы үй жағдайындағы «Splat Диагностика» экспресс-тестін ұсынды. Ол бірнеше минуттың ішінде ауыз қуысының жай-күйін сілекей биомаркерлері арқылы бағалайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тестті жасауға шамамен бес жыл уақыт кетті. Осы уақыт ішінде компания технологияға 320 млн рубльден астам қаражат салды, деп жазады Forbes.ru.

«Splat Диагностика» сілекейді тест-жолақ арқылы зерттейді. Ол бес көрсеткішті анықтайды: лейкоциттер, қан мен гемоглобин, ақуыз, pH деңгейі және сілекейдің жалпы қаттылығы.

Лейкоциттер қабыну маркері ретінде қарастырылады, қан мен гемоглобиннің болуы қызыл иектің қан кетуін көрсетуі мүмкін, ал ақуыз ауыз қуысының гигиена деңгейін бағалау үшін қолданылады. pH көрсеткіші ортаның қышқылдығын және онымен байланысты эмальдың деминерализациясы мен кариес даму қаупін бағалауға мүмкіндік береді. Жалпы қаттылық сілекейдің минералдық тепе-теңдігін көрсетеді.

Бұл көрсеткіштер жиынтығы үш негізгі бағытты бағалауға мүмкіндік береді — ауыз қуысының гигиенасын, қабыну белгілерінің бар-жоғын және кариес қаупін.

Жинақ стоматологиялық ауруларды, соның ішінде кариес, гингивит және пародонтитті анықтауға арналған. Оны диагностикада қосымша құрал ретінде қолдану керек.

Жинаққа тест-жолақ, сілекей жинауға арналған ыдыс және пипетка кіреді. Биоматериалды жолаққа салғаннан кейін оның нәтижесін Splatforma мобильді қосымшасы смартфон камерасы арқылы оқуы тиіс.

Қосымша көрсеткіштерді талдап, жеке ұсыныстар жасайды. Ол қай маманға қаралу керектігін айтуы мүмкін.

Осылайша, бұл тест дәрігерді алмастырмайды, бірақ стоматологқа тексерілуді қажет ететін белгілерді анықтауға көмектеседі.

Бұған дейін «Курсив» Атырау қаласындағы 15 емхана мен медициналық ұйымда жұмыс істейтін «Асель» виртуалды көмекшісі туралы жазған болатын.