2030 жылдан бастап Қазақстанда тұрғын үйді табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан міндетті сақтандыру енгізілуі жоспарлануда. Полисті жыл сайын төлеуге тура келеді, алайда ол болмаған жағдайда айыппұл салынбайды — сақтандырусыз меншік иесі сақтандыру қорынан төлем ала алмайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Елде тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесі құрылып жатыр. 2027 жылы сақтандыру қорын қалыптастыру жоспарланған, ал 2030 жылдан бастап тұрғын үй иелері үшін міндетті төлемдер енгізіледі.
Бірінші кезеңде сақтандыру Алматы, Шымкент қалаларының және Жамбыл облысының тұрғындары үшін міндетті болады. Кейін жүйе Қазақстанның тағы 13 өңіріне таратылады.
Полистің құны 0,5-тен 5 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, яғни 2026 жылға 2 163-тен 21 625 теңгеге дейін болады деп күтілуде. Төлемді жылына бір рет енгізу қажет.
Krisha.kz Telegram-арнасы хабарлағандай, қазақстандықтарды полистің жоқтығы үшін әзірге айыппұлдау жоспарланбайды. Алайда сақтандырусыз тұрғын үй иесі сақтандыру қорынан төлем ала алмайды. Сонымен қатар зардап шеккендерге мемлекеттік көмек сақталады.
Еске салайық, төлем мөлшерін жылдық жарнаға байланыстыру жоспарлануда: қираған тұрғын үй үшін — 500 жарна, зақымдалған тұрғын үй үшін — 250 жарна. Осылайша, өтемақы мөлшері полистің құнына және тұрғын үйдің зақымдалу дәрежесіне тікелей байланысты болады.
Мысалы, меншік иесі сақтандыруға жылына 10 мың теңге төлесе, тұрғын үй толық қираған жағдайда 5 млн теңге ала алады. Тұрғын үй зақымдалса, төлем 2,5 млн теңгені құрайды.
Сақтандыру қорында қаражат жиналған сайын төлем мөлшері артады деп күтілуде. Алайда қираған тұрғын үйдің толық нарықтық құнын сақтандыру есебінен өтеу жоспарланбайды.


