Алматының «Қайратының» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Латвияның «Рига» клубымен өткен матч қорытындысы бойынша пікір білдірді. Ойын тең аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Маманның айтуынша, ойын күткендей өрбіді: қарсылас басымдық танытты, ал қазақстандық клуб қарсы шабуылдармен әрекет етті.
Бапкер қателіктерге қарамастан, «Қайрат» екінші голды соғып, жеңісті жұлып алуға жеткілікті мүмкіндік жасағанын атап өтті.
«Ойын осылай өрбиді деп болжағанбыз: қарсылас басымдық танытып, біз көбірек қорғанып, қарсы шабуылдарға жүгінеміз. Солай болды. Жылдам гол соқтық, бірақ жіберіп алған эпизодта сәл шатастық. Жігіттерді белгілі бір тәсілмен ойнауға баптадым, бірақ бірінші таймда бәрі керегіндей бола қоймады. Тым созылып кеттік те, қарсыласқа допты бақылауға, аралықтағы кеңістікті пайдалануға мүмкіндік бердік. Сөйтіп, тым оңай гол жіберіп алдық. Бірақ үзілісте белгілі бір түзетулер енгізіп, жігіттерге кеңес бердік.
Екінші таймды түбегейлі дұрыс ойнадық. Тек серпіліс сәл жетіспеді. Барлық қателіктерімізге қарамастан, екінші голды соғуға жеткілікті мүмкіндік жасадық. Бірінші матч үшін сырт алаңдағы тең нәтиже – қалыпты нәтиже деп есептеймін. Жиналған ұпайға қуанып отырмыз.
Қазір ең бастысы – қалпына келіп, үйге оралу. Екі күннен кейін Қазақстан чемпионатында матч болады, оған бар күшімізді жұмсаймыз», – деді Уразбахтин.
Конференциялар лигасындағы келесі матчын «Қайрат» 22 қазанда өз алаңында Грекияның «Панатинаикос» клубына қарсы өткізеді.
Бұған дейін «Курсив» «Қайрат» Ригадағы тең нәтижемен футболдан Конференциялар лигасын бастағанын жазған еді.


