Жеңіліс білмеген даниялық боксшы Якоб Банк қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы бос чемпиондық белбеу үшін өтетін жекпе-жегін мансабындағы ең маңыздысы деп атады. Банктің айтуынша, айқас 2027 жылдың қаңтарында Данияда өтеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алдында WBO президенті Густаво Оливьери Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен Банк (20-0, 11 КО) командалары келісімге келгенін растады. Тараптар дедлайн бітпей тұрып жазбаша растау жіберген соң, ұйым промоутерлік сауда-саттықты тоқтатты.

Бастапқыда жекпе-жек желтоқсанда өтуі мүмкін деп хабарланған еді, алайда Банктің өзі айқас қаңтарға жоспарланғанын мәлімдеді. Даниялық боксшы кешірек мерзім дайындықты толық ұйымдастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қаңтарда болатынына қуаныштымын. Менің екі кішкентай балам мен үлкен командам бар, бәрін келісу керек – енді соған уақыт жетеді. Сондай-ақ жаттығу жиынына, жекпе-жекті жарнамалауға және, сенемін, көп билет сатуға уақытым жетеді. Бұл өте жақсы», – деп келтіреді Банктің сөзін Boksenyt.dk.

Банк үшін титулдық жекпе-жектің өз отаны – Данияда өтетіні де ерекше мәнге ие. Боксшы айқастың өтетініне келіссөздер аяқталған соң ғана толық сенгенін мойындап, үйде өнер көрсету мүмкіндігін ерекше деп атады.

«Кеше келіссөздердің соңғы күні еді, сондықтан жаңалықты толқып күттім. Бокста ешнәрсеге түбегейлі сенуге болмайды, бірақ кеше кешке бәрі келісілгенін айтты. Бұл – мансабымдағы ең маңызды жекпе-жек және ең үлкен қаламақы. Мен үшін әрқашан ақша емес, жекпе-жектен алатын ішкі сезім маңызды болды. Оның Данияда өтетіні жай ғана керемет».

Нақты күні мен аренасы әзірге жарияланған жоқ. Бұған дейін WBO ресми мәліметтер кейінірек жарияланатынын хабарлаған.

Титул британиялық Хамза Шираздың Әлімханұлымен міндетті қорғау жекпе-жегінен бас тартуынан кейін бос қалды. Содан соң WBO рейтингтің бірінші нөмірі қазақстандық пен үшінші нөмір Банк арасындағы айқасты тағайындады. Әлімханұлы үшін жеңіс екінші салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атануға мүмкіндік береді – бұған дейін ол орта салмақта WBO және IBF белбеулерін иеленген.

Қазақстандық боксшы жекпе-жек расталған соң кез келген жерде және кез келген қарсыласпен титул үшін шайқасуға дайын екенін мәлімдеді. Әлімханұлы басты мақсаты – WBO белбеуін жеңіп алу екенін атап өтті.