Жетісу облысының тұрғыны банк шотын үшінші тұлғаға бергені үшін күніне 10-15 мың теңге ақы алуды жоспарлаған, алайда ол ниеті жүзеге аспай, табыс орнына сот төріне отырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жетісу облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Қаратал аудандық соты айыпталушыға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол өз банк шотын үшінші тұлғаға материалдық сыйақы немесе мүліктік пайда алу мақсатында пайдалануға заңсыз мүмкіндік берген (Қылмыстық кодекстің 232-1-бабының 1-бөлігі).
Сот анықтағандай, ағымдағы жылдың 5 мамырында айыпталушы өзінің абоненттік нөміріне WhatsApp арқылы бейтаныс адамнан хабарлама алған. Ол ер адам оған материалдық сыйақы үшін өз атына банк шотын ашып, оны үшінші тұлғаға пайдалануға беруді ұсынған. Мұндай әрекеттер басқа адамның атына рәсімделген банк шотын ақша операцияларын жүргізуге, соның ішінде шоттар арасында ақша аударуға және олардың шығу тегін жасыруға пайдалануға мүмкіндік береді.
Сол күні айыпталушы бұл ұсынысқа келісіп, банктегі шотына байланған ұялы телефон нөмірін өзгертіп, оны ұсыныс жасаған адамға берген. Содан кейін ол бұл нөмірді банк қосымшасындағы өз банк шотына байлап, қосымшаға енгізіп, үшінші тұлғаға өз атына рәсімделген банк шотына қолжетімділік беру үшін қажетті әрекеттерді орындаған. Осы әрекеттері үшін ер адам күніне 10 000-нан 15 000 теңгеге дейін материалдық сыйақы алуды көздеген, алайда өзіне байланысты емес мән-жайларға байланысты ақшалай сыйақы алмаған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінген.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кінәсін мойындауы мен шын жүректен өкінуін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды сот анықтаған жоқ.
Сонымен қатар, сот айыпталушының бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын ескерді.
Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 232-1-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.


