Бакуде өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында қазақстандық Абылайхан Жұбаназар 81 келіге дейінгі салмақта ширек финалға жолдама алды. Ал Жалғас Қайролла 1/8 финалда жеңіліп, жарысты аяқтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
1/8 финалда Жұбаназар жарыс иелері — әзірбайжандық Вусал Галандарзадені ұтты. Ширек финалда оның қарсыласы 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, оңтүстіккореялық Ли Джун Хван болады.
Қайролла болса 1/8 финалда 2026 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, сербиялық Михайло Симинге есе жіберді. Кездесу қосымша уақытқа созылып, жалғыз ұпайды Симин юкомен еншіледі.
Осылайша, 81 келіге дейінгі салмақтағы екі қазақстандықтың ішінен жүлде үшін күресті Жұбаназар жалғастыруда. Ағымдағы маусымда ол Лозаннадағы Grand Slam турнирінде жеңіске жетіп, Азия чемпионаты мен Париждегі Grand Slam додасында қола медаль алған болатын.
Бұған дейін 73 келіге дейінгі салмақта Ансарбек Ғайнуллин алғашқы белдесуде жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Одан бұрын Нұрқанат Серікбаев пен Ақылжан Жұбатқанов та медальсыз қалған. Әзірге әлем чемпионатында Қазақстанның жалғыз жүлдесін 60 келіге дейінгі салмақта күміс алған Шерзод Давлатов еншілеп отыр.
Дзюдодан әлем чемпионаты Бакуде (Әзірбайжан) 4-11 қазан аралығында 93 елден келген 622 спортшының қатысуымен өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының намысын 15 спортшы қорғауда.


