Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
116 жастағы кейуана ұзақ ғұмырының құпиясын ақты

Еліміздегі ең қарт тұрғын, Ұлытау облысының тумасы Түймегүл Темірбаева 116 жасқа толды. Әлі де ширақ әрі еңбекқор кейуана ұзақ ғұмырының сырын адал еңбек пен жақсы ниеттен көреді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еңбекпен өскен жан

Түймегүл апай өмір бойы жылқы баққан. Өзінің айтуынша, мал соңындағы ауыр жұмыстан ешқашан қажымаған. Оның жары Аязбай Темірбаев та 95 жасқа дейін өмір сүрген. Ал 116 жасқа келген Түймегүл әжей қазір көзәйнексіз ине сабақтап, тігін тіге алады. Қимылы да әлі ширақ.

"Ауырдым" дегенін естімедік

Түймегүл әжейдің балалары аналарының осы күнге дейін "ауырдым" деп шағынғанын естімегендерін айтады. Ес білгеннен еңбекпен өскен жан, қазір де тыныш отырмайды. Немерелерінің қарсылығына қарамастан, үй шаруасына араласып жүреді.

Келіні Раушан Темірбаева: "Ол кісі көбінесе үйде болады. Биыл солай болды. Оған дейін барлық шаруаға жарап тұрған. Сырттың шаруасына да, іштің шаруасына да. Жасы келді ғой, қанша дегенмен. Өзі отырады, теледидарын көріп. Бізге тамақ істеп қояды", - дейді.

Ең қарт тұрғын ретінде ресми тіркелген

Түймегүл Темірбаева қаңтар айында 116 жасқа толған. Оның елдегі ең қарт тұрғын екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі растаған. Қазір кейуана Қызылжар кентінде кенже ұлының қолында тұрады. Оның 4 баласынан 15 немере, 25 шөбересі бар.

Новости

Реклама