
- 17 июн. 2025 09:58
- 27
300-ге жуық қазақстандық БАӘ-де қалып қойды: СІМ мәлімдеме жасады
Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс салдарынан Біріккен Араб Әмірліктерінен елге орала алмай жатқан қазақстандықтардың саны 300-ге жуықтады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
— Аталған қиындық жергілікті әуе компанияларының рейстерді уақытша тоқтатуы салдарынан туындап отыр, — деді Смадияров.
Айта кетейік, 14 маусым күні ҚР СІМ ресми түрде Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігінен ұшуға тыйым салынғанын хабарлаған болатын. Соған қарамастан, Қазақстаннан БАӘ бағытындағы туристік рейстер жалғасып, туристердің бір бөлігі кері қайта алмай отыр.
Қазіргі таңда СІМ туристік агенттіктер, әуе компаниялары және «Туристік Қамқор» қорының қолдауымен шетелде қалған азаматтарды елге қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Министрлік тұрғындарға Таяу Шығыс елдеріне сапар шегер алдында қауіпсіздік жағдайын мұқият зерттеуге және тәуекелдерді ескеруге кеңес береді.