Photo: Bia Limova (https://www.pexels.com/@bia-limova-1908542654) / Pexels
- 06 апр. 2026 17:00
- 31
79 миллион теңгелік Lexus кімге бұйырды?
Перизат Қайраттың ісі бойынша тәркіленген 79 миллион теңгелік Lexus LX 600 автокөлігі қай мемлекеттік органға берілгені белгілі болды. Бұл туралы Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің жауабында айтылған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кімге берілді?
Қара түсті көліктің мемлекеттік нөмірі – 100PKO01. Бұл көлік Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаеваның атында болған. Өткен жылдың шілде айында Гайни Алашбаеваға қайырымдылық мақсатында жиналған ақшаны жымқыруға және жылыстатуға көмектескені үшін 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілген еді.
Автокөліктің бағасы 79 121 985 теңге деп бағаланған. Сауда-саттыққа тек мемлекеттік мекеме немесе кәсіпорын ретінде тіркелген заңды тұлғалар, соның ішінде әлеуметтік қызмет көрсету субъектілері қатыса алды.
Нәтижесінде, тәркіленген көлік Перизат Қайрат пен оның анасының ісін тергеген Қаржы мониторингі агенттігіне берілді.
Басқа мүліктер ше?
Аталған іс бойынша басқа тәркіленген мүліктер әзірге мемлекеттік органдарға берілмеген. Департаменттің хабарлауынша, бұл мүліктер құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ президентке тікелей бағынышты және есеп беретін, президенттің, саяси қызметшілер мен парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органның қызметтік міндеттерін атқару үшін пайдаланылатын болады.
Наурыз айының соңында Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті тағы бір көлікті – мемлекеттік нөмірі 777KPK01 болатын қара Mercedes-Benz S450 автокөлігін сату туралы хабарлама жариялады. Сауда-саттық 7 сәуірде басталады.
Перизат Қайрат өзіне 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілген болатын. Ол сондай-ақ мемлекеттік марапаты – «Шапағат» медалінен (қайырымдылық пен мейірімділік үшін беріледі) айырылды. Сот оған және оның анасына 50 жәбірленушінің пайдасына барлығы 1 миллиард 582 миллион теңге көлемінде материалдық залалды өтеуді міндеттеді. Сондай-ақ, олар 22 миллион теңге мемлекеттік баж салығын және әрқайсысы 698 мың теңге сот шығындарын төлеуге тиіс.