Photo: Pixabay (https://www.pexels.com/@pixabay) / Pexels
- 19 мар. 2026 04:00
- 29
Ажырасқан әйел экс-жұбайының банк шотын білгісі келді: Сот шешім шығарды
Ажырасқаннан кейін экс-жұбайының банк шоттары мен ондағы операциялар туралы ақпарат алғысы келген әйелдің өтінішін Қазақстанның Конституциялық соты қарады. Бұл жағдай банк құпиясы туралы заңның нормасын талқылауға себеп болды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Банктер ақпарат беруден бас тартты
Әйел некесі бұзылғаннан кейін бұрынғы күйеуінің банкте есепшоттары бар-жоғын және олармен қандай операциялар жүргізілгенін білгісі келген. Алайда, екінші деңгейлі банктер банк құпиясына сілтеме жасап, мұндай мәліметтерді беруден бас тартты.
Кейіннен әйел сот арқылы ақпарат алуға тырысты. Бірақ бірінші инстанция соты да талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Сот, егер шот иесінің келісімі немесе заңды негіздер болмаса, банктер мұндай мәліметтерді үшінші тұлғаларға жариялай алмайтынын атап өтті.
Талапкердің пікірінше, заңның бұл тармағы оның құқықтарын бұзады. Ол осы себепті өзінің мүліктік мүдделерін толық қорғай алмайтынын және бірлесіп жинаған мүлікке құқығын жүзеге асыра алмайтынын айтты.
Жеке өмір құқығы
Конституциялық сот өтінішті қарап, әрбір адамның жеке өмір құпиясын сақтау, сондай-ақ жеке салымдары мен банк жинақтарын қорғау құқығы бар екенін атап өтті. Сот банк құпиясының дербес конституциялық құқық екенін және отбасылық жағдайына қарамастан барлық азаматтарға қолданылатынын баса айтты. Ерлі-зайыптылардың мүліктік мәселелердегі теңдігі, біреуінің заңды негіздерсіз екіншісінің шоттары туралы құпия ақпарат ала алатынын білдірмейтінін түсіндірді.
Қандай жағдайда ақпарат берілуі мүмкін?
Сонымен қатар, сот заңнамада жұбайлардың мүліктік құқықтарын қорғауға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылғанын көрсетті. Мысалы, сот ісін қарау кезінде қажет болса, соттар банк мәліметтерін сұрата алады.
Қорытындылай келе, Конституциялық сот заңның аталған нормасы Конституцияға сәйкес келетінін және азаматтардың құқықтарын бұзбайтынын анықтады.