tengrinews.kz
- 06 мая 2026 09:00
- 27
Әлемдегі ең ірі қалалардың бірі ғарыштан көрінетіндей жылдамдықпен батып барады
Әлемдегі ең ірі қалалардың бірі ғарыштан көрінетіндей жылдамдықпен батып барады. Бұл – Мексика астанасы Мехико қаласы. Қаланың бұл жағдайға жетуіне жер асты суын шамадан тыс пайдалану себеп болған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мехиконың шөгуі ғарыштан көрінеді
Жалпы халқы 22 миллионға жуықтайтын Мехико қаласы жер астындағы су қоймаларынан суды шамадан тыс тарту салдарынан рекордтық жылдамдықпен батып барады. NASA-ның радиолокациялық суреттеріне сәйкес, қала айына 1,3 сантиметрден астам жылдамдықпен төмен түсіп жатыр. Бұл көрсеткіш Мехиконы әлемдегі ең жылдам шөгіп бара жатқан қалалардың қатарына қосады.
Қала биік таулы аймақта, ежелгі су қоймасының үстінде орналасқан. Бұл су қоймасы мегаполистің ауыз суының шамамен 60 пайызын қамтамасыз етеді. Дегенмен, ондаған жылдар бойы суды қарқынды түрде сорып алу топырақтың шөгуіне әкеліп, су тапшылығы мәселесін ушықтырды. Бұл жағдай сумен қамтамасыз етудегі үзілістерге немесе тіпті толық тоқтауға дейін әкелуі мүмкін.
Қала құрылысы мен инфрақұрылымға әсері
Қаланың біркелкі емес шөгуі белсенді урбанизацияға байланысты күшейе түсуде. Жаңа инфрақұрылымдар мен құрылыстар балшыққа толы топыраққа қосымша қысым түсіреді. Жолдардағы, ғимараттардағы және су құбырларындағы жарықтар коммуналдық қызметтерге қосымша жүктеме әкелуде.
Билік пен зерттеушілер қаланың экологиясына және мәдени мұра нысандарына тигізетін әсерін ескеруге мәжбүр. Мысалы, 1910 жылы Мексиканың тәуелсіздігінің 100 жылдығына орай салынған 34 метрлік «Тәуелсіздік ангелі» монументінің астына шөгуге байланысты тағы 14 баспалдақ орнатуға тура келген.