tengrinews.kz
- 23 мар. 2026 04:00
- 23
Асқазанға зиянды тағамдар: инфаркт пен инсульт қаупін 67%-ға арттырады
Күнделікті тұтынатын кейбір тағамдар инфаркт пен инсульт қаупін күрт арттыратыны белгілі болды. Жақында жарияланған зерттеу ультраөңделген өнімдердің ағзаға кері әсерін ашып берді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ультраөңделген тағамдар дегеніміз не?
Бұл – чипстер, колбасалар, тәтті сусындар, дайын тағамдар және тез дайындалатын жармалар сияқты өнімдер. Мұндай тағамдарды күнделікті көп мөлшерде тұтынатын адамдарда инфаркт, инсульт немесе жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім қаупі 67%-ға жоғарылайтыны анықталды. Бұл көрсеткіш мұндай өнімдерді сирек жейтіндермен салыстырғанда есептелген.
Зерттеу нәтижелері
Зерттеуге 45-84 жас аралығындағы 6800-ден астам адам қатысты. Олардың ешқайсысында бастапқыда жүрек аурулары болмаған. Ғалымдар қатысушылардың тамақтану рационын және денсаулық жағдайын ұзақ уақыт бойы бақылаған.
Нәтижелер көрсеткендей, ультраөңделген тағамдардың әрбір қосымша порциясы жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болу ықтималдығын шамамен 5%-ға арттырады. Бұл әсер тағамның калориялылығына, жалпы қоректік құндылығына, сондай-ақ адамның семіздік, қант диабеті және гипертония сияқты факторларына қарамастан сақталып қалған.
Қауіптің себептері
Мұндай өнімдердің ағзаға әсер етуінің нақты тетіктері әлі толық зерттелмегенімен, бұған дейінгі зерттеулер ультраөңделген тағамдардың ағзадағы қабыну процестерін күшейтіп, іш майының жиналуына және зат алмасудың бұзылуына ықпал ететінін көрсеткен. Бұл факторлардың барлығы жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына негізгі себеп болып табылады.
Қорытынды
Зерттеу авторлары бұл нәтижелердің тек өзін-өзі бағалауға негізделгенін және кейбір шектеулері бар екенін атап өтті. Дегенмен, бұл деректер ультраөңделген тағамдарды тұтынуды азайтудың маңыздылығын тағы бір дәлелдейді.
Мамандардың айтуынша, қауіпті азайтудың ең оңай жолы – тағамның құрамын мұқият қарап, аз өңделген өнімдерге, яғни көкөністерге, бұршақ дақылдарына, жаңғақтарға және тұтас дәндерге басымдық беру.