Последнее обновление

(Время обновление 4 минуты назад)
Астанада Балаларды қорғау күніне арналған ауқымды мереке өтеді: іс-шаралар жоспары

Астанада 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше бөлікке бөлінген.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Бесік әлемі» – ең кішкентайлар үшін

1 маусымда Жастар саябағында дәстүрлі арбалар шеруі «Арба FEST» өтеді. Ал Президенттік саябақта «Шапшаң бөбек» атты сәбилер арасында спорттық жарыс ұйымдастырылады.

«Балапан әлемі» – 3-6 жас аралығындағыларға

Бұл күні III Халықаралық клоундар фестивалі өтеді. Фестиваль қатысушылары «Бәйтерек» монументінен «Хан Шатыр» сауда орталығына қарай орналасқан «Ғашықтар» саябағына дейін шерумен өтеді. Кешке Амфитеатрда фестиваль әртістерінің қатысуымен концерт қойылады.

Сонымен қатар, қалалық емханалар сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін балалар стоматологтарына тексерілу үшін есіктерін ашады.

«Білім мен арман әлемі» – 7-10 жас аралығындағыларға

1 маусымда «Кирпичный» тұрғын алабында «Көңілді старттар» ойыны басталады. Бір сағаттан кейін «Ондырыс» тұрғын алабында да осындай шара өтеді.

«Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында балалар сәндік киімдерін көрсететін сән көрсетілімі болады.

№64 мектеп-лицейінде «Балалар көзімен әлем» атты шығармашылық байқауы өтеді. Техникалық және көркем-шығармашылық орталығында балалардың жұмыстарының көрмесі мен «Бәріне қуаныш сыйлаймыз» шеберлік сыныптары ашылады.

Қалалық алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

«Жас өркен» – 11-14 жас аралығындағыларға

25 мамырдан 1 маусымға дейін Орталық саябақта, Президенттік саябақта және «Жетісу» саябағында «БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ҮШІН» атты іс-шара өтеді. Онда балаларға суда, көшеде және интернетте қауіпсіз жүру ережелері, жарақаттар мен қауіпті жағдайлардан аулақ болу жолдары туралы айтылады.

«Болашаққа қадам» – жасөспірімдерге арналған

1 маусымда Астанада «Astana FIDA Drone Soccer Championship» халықаралық дрон-футбол чемпионаты өтеді.

Амфитеатрда «QosymshaFest» фестивалі ұйымдастырылады.

Қалалық алаңда Опера және балет театрымен бірлесіп «Түрлі-түсті мозаика» байқауы өтеді.

«Бақытты отбасы» – отбасылық құндылықтарға арналған

1 маусымда Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында «Kids RUN» атты спорттық отбасылық шара өтеді.

Президенттік саябақта жас отбасылар «Отбасы – бақыт мекені» атты сурет салу курсына қатыса алады. Бір сағаттан кейін «Ailand» отбасылық демалыс орталығында мерекелік концерт басталады.

Сонымен қатар, мерекеге орай бірқатар аулалардың ашылуы жоспарланған. Олар: Республика даңғылы, 2/2, Абай даңғылы, 34, 49, 51, Ғабдуллин көшесі, 17/1, Жүргенов көшесі, 18/2, Әзірбаев көшесі, 6, Қошқарбаев көшесі, 60, Күмісбеков көшесі, 7/1, Жеңіс даңғылы, 5, Ирченко көшесі, 31.

Өнеркәсіп, Интернациональный, Мичурино және Күйгенжар елді мекендеріндегі қоғамдық орындарда концерттер мен интерактивті ойындар ұйымдастырылады.

Президенттік саябақта ойындар, конкурстар мен аниматорлармен мерекелік бағдарлама өткізіледі.

Қалалық алаңда «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорымен бірлесіп, ерекше білім қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылады. Одан кейін «Bolashak» инклюзивті театрының сән көрсетілімі өтеді.

«Береке Астана» оңалту орталығының салтанатты ашылуы болады.

Орталық саябақта «Bala Fest» балалар спорт ойындары фестивалі басталады.

1 маусымда қала бойынша мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастайды.

2 маусымда Жастар сарайында Балаларды қорғау күніне және «Замандас» жобасының 15 жылдығына арналған концерт өтеді.

Новости

Реклама