Photo: Asad Photo Maldives (https://www.pexels.com/@asadphoto) / Pexels
- 27 февр. 2026 13:00
- 23
Атыраудағы қанды қылмыс: Күдікті күйеубала Индонезияда қолға түсті
Атырауда ата-енесін өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің Индонезияда ұсталуы туралы жаңалық әлемді дүрліктірді. Халықаралық іздеуде жүрген күдікті туристер көп баратын Ломбок аралындағы Сенару ауылындағы қонақүйде қолға түсті.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Интерполдың "қызыл бюллетені" және сот санкциясы
Солтүстік Ломбок полициясының басшысы Агус Пурванта операцияның Интерполдың "қызыл бюллетені" және Атырау қалалық сотының 2026 жылғы 8 қаңтардағы санкциясы негізінде жүргізілгенін айтты. Ол жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында: "Интерполдан ресми хабарлама түскен кезде істің мән-жайымен танысып, таңданысымызды жасырмадық. Біз үшін ең бастысы – Индонезияның халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлерге пана болатын елге айналмауы", – деп мәлімдеді.
Қашуға талпыныс жасаған күдікті
Арнайы операция 24 ақпанда өтті. Қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы И.Команг Виландраның айтуынша, күдіктінің Сенару ауылында жүргені туралы ақпарат түскен соң, жедел топ бірден әрекетке көшкен. Полицейлер қонақүйге кірген кезде Сәрсемәлиев қашуға талпынғанымен, көп ұзамай ұсталып, ешкімге зиян келтірмеген.
Қазақстан азаматтары да ұсталды
Оқиға орнында Сәрсемәлиевпен бірге тағы бір қазақстандық, 30 жастағы әйел де ұсталды. Бұған дейін бұл әйелдің қаза тапқан ерлі-зайыптының қызы Ақбаян Мұқанғалиева екені хабарланған болатын. Тергеушілер ұсталғандардың жеке куәліктерін, паспорттарын, халықаралық банк карталарын және ұялы телефондарын тәркіледі.
Экстрадиция мәселесі
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, алдағы уақытта бұл азаматтарды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі Индонезия Әділет министрлігімен, ұлттық полицияның халықаралық істер бөлімімен және өзге де құзырлы органдармен бірлесіп қаралады. Барлық рәсімдер ұлттық заңнама мен халықаралық келісімдер аясында жүргізілетін болады. Қазіргі таңда Сәрсемәлиев Солтүстік Ломбок полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.