tengrinews.kz
- 25 мая 2026 20:30
- 34
Ауыл балаларының әкімге жолдаған үндеуі әлеуметтік желіні елеңдетті
Павлодар облысының Қоряковка ауылының оқушылары әкімге жолдаған бейнеүндеуімен әлеуметтік желіні елеңдетті. Балалар ауылда заманауи футбол алаңын салуды сұрап, қазіргі уақытта ескі, қауіпті жерде ойнауға мәжбүр екендерін айтты.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ескі алаң, жаңа талап
Ауыл балаларының айтуынша, олар ойнайтын жерде жарақат алу қаупі жоғары. Тіпті, ауыр жарақат алуы да мүмкін. Олар бұл мәселеге балаларды қорғау күні мен жазғы демалыс алдында назар аударуды өтінеді.
Қазіргі таңда жергілікті балалар ауылдың ортасындағы бос жатқан жерде футбол ойнайды. Бұл жерді тұрғындар өз күштерімен әуесқой футбол алаңына айналдырған.
Тұрғындардың талап-тілегі
Қоряковка ауылы Павлодар қаласынан небәрі 20 шақырым жерде орналасқан. Ауыл тұрғыны Жанна Татиеваның айтуынша, балалар бұл жерде бірнеше жылдан бері доп теуіп келеді. Өткен жылы ғана әуесқой ойын алаңына темір қақпалар орнатылып, торлар тартылған.
«Мен жергілікті шенеуніктерге бірнеше рет хабарласып, балаларға арнап шағын футбол алаңын салуды сұрағанмын. Ауылдық және аудандық әкімдерге де жаздым. Әр кезде бірдей жауап аламыз: «Қазір ақша жоқ, күтіңіздер». Бұл жағдай бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Балалар артық ештеңе сұрап жатқан жоқ, оларға тек футбол ойнауға лайықты, қауіпсіз орын керек. Егер ертең осы әуесқой қақпалар баланың үстіне құлап кетсе, біз өзіміз кінәлі боламыз», - дейді Жанна Татиева.
Әкімдіктің жауабы
Павлодар аудандық әкімдігі Қоряковка тұрғындарының өтінішін білетінін, алайда биылғы бюджет ауылдың электр желілерін жаңғыртуға бағытталғанын хабарлады. Аудан әкімі Дидар Ибраевтың айтуынша, шағын футбол алаңын салу және ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу алдағы жылдардың жоспарында бар.
«Бұл мәселелерді ауыл тұрғындары үнемі көтереді. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, Қоряковка ауылында шағын футбол алаңын салу құны 24,5 миллион теңгеден асады. Қаржыны 2027-2028 жылдарға арналған бюджеттен қарастыруға тырысамыз. Біз балалардың қауіпсіздігіне де баса назар аударамыз», - деп сендірді әкім.
Бүгінгі таңда Қоряковка ауылында барлығы 172 адам тұрады, оның 35-і – бала, оның ішінде 28-і – мектеп оқушысы.