
- 17 мар. 2025 23:24
- 21
Азаттық радиосы қызметін тоқтаса, елде заң мен тәртіп диктатурасы күшейеді - саясаттанушы
Азаттық радиосы қызметін тоқтаса, елде заң мен тәртіп диктатурасы күшейеді - саясаттанушы
АҚШ үкіметінің «Азаттық» радиосын (Radio Free Europe/Radio Liberty) қаржыландыруды тоқтатуы мүмкін екені туралы ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл жаңалыққа байланысты пікір екіге бөлінді: бір тарап радиостанцияны тәуелсіз ақпарат көзінің бірі деп санаса, енді біреулер оны шетелдік ықпал құралы ретінде көреді.
Қазіргі уақытта АҚШ «Азаттық» радиосын қаржыландыруды ресми түрде тоқтатты деген нақты дерек жоқ. Бірақ 2025 жылдың ақпанында АҚШ Үкіметінің тиімділік департаментінің басшысы Илон Маск «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» радиостанцияларын жабуды ұсынды. Ол бұл ұйымдарды «радикалды солшылдар» деп атап, салық төлеушілердің қаражатын дұрыс пайдаланбай отырғанын мәлімдеді. Бұл ұсынысты Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та қолдап, «Азаттықтың» дәурені біткенін айтқан болатын.
Қазақстанда «Азаттық» радиосының тағдырына алаңдаушылық білдіріп жатқандар көп. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт бұл радиостанцияның қызметі тоқтаса, елде «заң мен тәртіп диктатурасының» күшейетінін айтты.
Facebook және басқа да әлеуметтік желілерде журналистер мен азаматтық белсенділер «Азаттық» радиосының Қазақстан қоғамы үшін маңызды екенін жазып жатыр. Журналист Қойшыбек Мүбарак:
"Тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым жасалып, журналистер жазықсыз сотталып жатқанда да «Азаттық» журналистері бұғып қалған жоқ", – деп мәлімдеді.
Дегенмен, «Азаттықтың» жабылғанына қуанғандар да жоқ емес. Журналист Алмас Алтай Facebook парақшасында:
"RIP. АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ" – деп жазды. Ол бұл радиостанция ешқашан халықтың мүддесін ойламағанын, керісінше, ел ішіндегі дүрбелеңді күшейтуге бағытталғанын айтты.
Алтайдың жазбасын сынға алғандар да бар. Кейбір қолданушылар оның пікірін биліктің мүддесіне сай деп бағалап, жазбаның «тапсырыспен» жазылғанын меңзеді.
Қазіргі таңда «Азаттық» радиосының болашағы әлі де белгісіз. АҚШ үкіметі ресми түрде қаржыландыруды тоқтатқаны туралы хабарлама таратқан жоқ. Бірақ бұл тақырыптың қызу талқыланып жатқанының өзі Қазақстандағы тәуелсіз ақпарат құралдарына деген көзқарастың қаншалықты әртүрлі екенін көрсетеді.