Последнее обновление

(Время обновление 2 часа назад)
Данияр Мейрханға қатысты қозғалған қылмыстық іс туралы ақпарат желіде пайда болды

Желіде Астанада есірткі қылмысына қарсы күрес комитетінің басшысы Данияр Мейрханға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жаңалықты Tengrinews.kz сайты жариялады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Данияр Мейрханның лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және қызметкер әйелге тиісті деп күдіктелгені туралы ақпарат шыққан болатын. Оның үстінен 20 қызметкерінен ұжымдық шағым түскені хабарланды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бірқатар қызметкерлердің өтініштері бойынша материал белгіленген тәртіпте тіркелген.

«Заңнамаға сәйкес, әрбір өтініш міндетті түрде тіркеліп, тексерілуге жатады. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды жан-жақты және объективті анықтау мақсатында тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпараттар жария етілмейді», - делінген министрліктің хабарламасында.

Данияр Мейрхан – полиция полковнигі. 2012-2022 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінде бөлім бастығынан басқарма бастығына дейінгі басшылық қызметтерде болған. 2023-2024 жылдары ҚР ІІМ Қостанай академиясында бөлім бастығынан академия бастығының орынбасарына дейінгі лауазымдарды атқарды. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап – ІІМ Есірткі қылмысына қарсы комитеті төрағасының орынбасары. 2024 жылдың желтоқсанынан – Есірткі қылмысына қарсы комитетінің төрағасы міндетін атқарушы. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап – ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы комитетінің төрағасы.

Новости

Реклама