Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
Дариға Назарбаева байлар тізімінде 20-орынға сырғыды

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева Forbes Kazakhstan жариялаған 2026 жылғы ең бай қазақстандықтар рейтингінде 20-орынға сырғып түсті. Басылым оның дәулетін 550 миллион долларға бағалаған.

Бұл былтырғы көрсеткіштен төмен. 2025 жылы Дариға Назарбаева 571 миллион доллар капиталымен рейтингтің 17-сатысында тұрған еді. Басылым оның байлығының азаю себебін нақты түсіндірмеген.

Дариға Назарбаева ұлы Нұралы Әлиевпен бірге «Европа плюс Қазақстан» радиохабар таратушысына иелік етеді. Осы компания арқылы оның НТК телеарнасы мен «Радиосити» телерадиокомпаниясында үлесі бар. Сонымен қатар Forbes мәліметінше, ол DLS Group холдингі арқылы «Наружная Реклама-Регионы» және «Телефабрика „Дала“» компанияларында үлеске ие.

Ал оның сіңлісі Динара Құлыбаева биылғы рейтингте үшінші орынға көтерілген. Оның байлығы 5,4 миллиард доллар деп бағаланды. Былтыр ол 5,3 миллиард доллармен төртінші орында болған.

Динара Құлыбаева жұбайы Тимур Құлыбаевпен бірге «Алмэкс» холдингі арқылы Halyk Bank акцияларының 61,99 пайызына бақылау жасайды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Новости

Реклама