
- 24 мая 2025 13:36
- 13
Бердалы Ораз Ғабитұлы
Ерболат Досаев Алматы әкімі қызметінен босатылды
Мемлекет басшысының жарлығымен Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметті 2022 жылдың ақпан айынан бастап үш жылға жуық уақыт атқарды.
Ерболат Асқарбекұлы Досаев — тәжірибелі мемлекет қайраткері әрі қаржы саласының білікті маманы. Ол Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің түлегі, 1993 жылы Алматылық энергетика институтын тәмамдаған.
Кәсіптік жолын жеке секторда бастап, 1997 жылы «Акцепт» корпорациясының бас директоры болды. Кейін «Банк Туран-Алем» басқарма төрағасының орынбасары, сондай-ақ «Алматинский торгово-финансовый банк» басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.
1998 жылы Үкімет кеңесшісі, кейін Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, 2000 жылы Қаржы вице-министрі қызметтерін атқарды. 2001 жылы «Қазақстан Даму Банкі» директорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы болды.
2003 жылы Қаржы министрі, 2004 жылы Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды. Кейінгі жылдары «КазИнвестБанк» директорлар кеңесін басқарды, ал 2012 жылдан бастап Экономикалық даму және сауда министрі, Ұлттық экономика министрі қызметтерін атқарды.
2016 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін басқарса, 2017 жылы Премьер-министрдің орынбасары болды. 2019–2022 жылдары ҚР Ұлттық банкінің төрағасы қызметінде жұмыс істеді.
Ерболат Досаевтың Алматы қаласын басқару кезеңі түрлі реформалар мен урбанистік жобалармен есте қалды. Енді оның орнына жаңа әкім тағайындалады деп күтілуде.