Photo: Juan Pablo Serrano (https://www.pexels.com/@juanpphotoandvideo) / Pexels
- 19 февр. 2026 04:00
- 18
Францияда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі элиталық пәтерлер сатылымға шығарылды
Францияның оңтүстігіндегі танымал Антиб мүйісінде орналасқан элиталық Parc du Cap тұрғын үй кешенінен пәтерлер сатылымға шығарылды. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, бұл нысандар Қазақстан билігі тәркілеген активтерге толық сәйкес келеді. Әңгіме экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен оның үш жұбайына тиесілі болған мүліктер туралы болып отыр.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Маңызды деректер
“Выход к морю” телеграм арнасының хабарлауынша, пәтерлерді сату туралы хабарландырулар шетелдік жылжымайтын мүлікке маманданған Prian агенттігінің сайтында жарияланған. Сатылымда тұрған төрт пәтердің жоспарлануы мен орналасуы Қайрат Сатыбалды және оның жұбайлары — Саида Қанатбекқызы, Әсел Бахтиярқызы мен Гүлмира Қауасқызына тиесілі болған активтерге дәл келеді.
Аталған пәтерлер KS Propriete, SK Propriete, AB Propriete және GK Propriete атты төрт компанияның атына рәсімделген. Бұл заңды тұлғалар Монакода тіркелгендіктен, олардың қазіргі нақты иесін ашық дереккөздер арқылы анықтау мүмкін емес. Дегенмен, активтер Қазақстан пайдасына тәркіленгенін ескерсек, оларды басқару құқығы Компания по управлению возвращёнными активами қарамағына өткен болуы ықтимал.
Франциядағы бұл жылжымайтын мүліктің жалпы құны шамамен 8,7 млн еуроға бағаланып отыр. Сатылымнан түскен қаражат Қазақстан бюджетіне аударылуы тиіс.
Пәтерлердің сипаттамасы
Барлық пәтерлер бір стильде, артық сән-салтанатсыз жасалған. Әрқайсысында жеке жуынатын бөлмесі бар үш жатын бөлме, қонақ бөлме, ас үй және балкон бар. Пәтерлер толық жиһаздалған. Кешенде күзет, жерасты паркингі, фитнес залы, SPA, сауна, бассейн және теңізге көрініс бар.
Активтер Қазақстанда да сатылымда
Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген мүлік тек Францияда ғана емес, Қазақстанда да сатылымға шығарылуда. Сәуір айының басында Алматыдағы Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы аукционға қойылмақ. Бастапқы бағасы — 62 млрд теңгеге жуық. Сондай-ақ DoubleTree by Hilton қонақүйі мен «Байсат» базарын сату жоспарланған. «Байсат» базарынан шамамен 4 млрд теңге түсіру көзделіп отыр.
Тәркіленген активтердің бір бөлігі мемлекеттік мекемелерге берілді. Мысалы, Алматыдағы бірнеше бизнес-орталыққа ғылыми және білім беру ұйымдары орналастырылса, аяқталмаған қонақүй сот әкімшілігі департаментіне өткен.
Контекст
Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың қыркүйегінде ірі көлемдегі ұрлық бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 2024 жылы оның жазасы бостандығын шектеумен ауыстырылды. Сол уақытқа дейін ол мемлекет бақылауына 732,8 млрд теңге (шамамен $1,5 млрд) көлеміндегі активтерді өткізген.