
- 08 мая 2025 09:21
- 42
Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад – ерлік пен қуатты армияның айқын көрінісі
Астанада өткен Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад – майдангерлерге тағзым ету мен қазіргі Қазақстан армиясының әлеуетін көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Шара – тарихқа құрмет пен болашақ қауіпсіздікке сенімділіктің символына айналды.
Парадқа Қазақстан Қарулы күштерінің барлық құрамынан 4 мыңнан аса әскери қызметкер қатысты. Шеру барысында 200-ден астам әскери техника мен қару-жарақ, 66 әскери авиация құралдары – ұшақтар мен тікұшақтар тартылды.
Биылғы парадтың ерекшелігі – алғаш рет «Бук», «Тор» сынды зениттік-ракеталық кешендердің, «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас», «Террекс» сияқты заманауи дөңгелекті ұрыс машиналарының және миналарды залалсыздандыратын роботтармен жабдықталған арнаулы көліктердің сапқа қосылуы болды.
Сондай-ақ, Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі кешені алдағы уақытта шығаруды көздеп отырған ұрыс техникасы – роботтандырылған қайық, ұшқышсыз басқарылатын ұшу қондырғылары жұрт назарына ұсынылды.
Парад барысында әуе кеңістігінде де әсерлі көрініс орнады. А-400 әскери-көлік ұшағы, L-410 жолаушылар ұшағы мен Би-300 патруль ұшағы аспанды жарып өтті.
Бұл әскери шеру – ата-бабалардың ерлігіне деген тағзым мен егемен елдің қорғаныс қуатының үйлесімді көрінісі ретінде тарихта қалмақ.