Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
Жетісу облысы: «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 59 нысан салынды

Жетісу облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында жалпы саны 59 нысан салынды. Атап айтқанда,    2023-2025 жылдар аралығында 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункттің құрылысы аяқталды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық көмектің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету және шалғайдағы ауылдарды медициналық қызметпен қамту мақсатында қолға алынған Ұлттық жоба аясында Кербұлақ ауданында - 17, Панфилов - 11, Алакөл - 9, Қаратал - 6, Ескелді - 5, Ақсу мен Көксу аудандарында – 4-тен, Сарқан ауданында 3 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді.

Солардың бірі – өткен жылдың соңында құрылысы аяқталып, осы жылдың қаңтар айында ашылған Панфилов ауданы Диханқайрат ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт. Атап айтқанда, бұл ауылда 1 200 тұрғыны бар. Бұған дейінгі медициналық мекеме 1980 жылы салынған ескі ғимарат болғандықтан, қызмет көрсетуде қолайсыз болатын. Жаңадан пайдалануға берілген ғимарат қажетті медициналық құралдармен жабдықталып, заманауи инженерлік жүйелермен толық қамтылған. Мұнда қабылдау бөлмесі, алдын-ала қабылдау және күндізгі қабылдау бөлмелері, емдеу бөлмелері, вакцинация кабинетіжәне басқа да қажетті бөлмелер  қарастырылған.

Жаңа ФАП-та 3 медицина маманы жұмыс істейді. Солардың бірі отыз жылдан астам тәжірибесі бар фельдшер Гулинұр Қамбарова жаңа ғимаратты көптен күткенін жеткізді.

- Біз бұрынғы ғимаратты көмірмен жылытып, тар бөлмелерде қолайсыз жағдайда тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп келдік. Заманауи медициналық жабдықтар жоқ болғандықтан, тұрғындарды көбіне аудан орталығына жіберетінбіз. Қазір жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктте алғашқы көмек көрсетуге, емдік шаралар жүргізуге қажетті жабдықтардың барлығы бар. Мекеменің электрмен жылытылатыны, кең, жарық әрі қолайлы болғаны қуантады, - дейді ол.

Бұл қуанышты жаңалыққа ауыл тұрғындары да риза.

- Ауылымызда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып отыр. Бұрын да осындай мекеме болған, бірақ ол тар, ескі ғимарат еді. Қазіргі ФАП кең, қажетті емдік бөлмелері жеткілікті, заманауи жабдықтары бар. Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға осындай қолайлы жағдай жасалғанына қуаныштымыз, - дейді ауыл тұрғыны Баян Көбенбаева.  

Атап өтсек, Ұлттық жобаға Панфилов аудандық көпсалалы аурухана да енгізілген. Қазір аталған нысанның қолданыстағы ғимаратын қайта жаңарту мен жаңа корпусын салу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Новости

Реклама