Последнее обновление

(Время обновление 5 минут назад)
Жолаушылар Маңғыстау-Семей пойызындағы құрттарға шағымданды

Маңғыстаудан Семейге қатынайтын №37 пойыздың жолаушылары вагон ішінде құрттардың жүргеніне шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде жолаушылардың түсірген видеосы пайда болды. Видеода құрттардың вагон ішінде, соның ішінде төсек-орын жабдықтарында жүргені көрінеді.

«Міне, кішкентайы, мынау үлкені. Мен мұнда ұйықтай алмаймын», - дейді видео авторы.

Жолаушылардың наразылығы

Желідегі жазбалардың астындағы пікірлерде адамдар вагондардың санитарлық жағдайына қатысты наразылықтарын білдіріп, дезинфекцияның жеткіліксіздігіне шағымданған. Кейбірі басқа пойыздарда да, соның ішінде Маңғыстау – Алматы бағытында да осындай жағдайларға тап болғанын айтты.

Компания жауабы

«Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері жолаушылардың өтінішінен кейін, пойыз баратын станцияға келгенде жоспардан тыс дезинфекциялық өңдеу жүргізілетінін хабарлады.

«Аталған вагонға жоспарлы өңдеу осы жылдың 30 мамырында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілді. Нормативтерге сәйкес, жолаушылар вагондарын дезинфекциялау айына кемінде бір рет, ал дератизация (тышқандарды жою) тоқсанына кемінде бір рет жүргізіледі», - деп атап өтті компания.

Жауапты тұлғалар жазаланды

Тексеріс нәтижесінде пойыз бастығы, өндірістік оқыту нұсқаушысы, «Западный» филиалының Маңғыстау учаскесінің бастығы, сондай-ақ филиал директоры, оның орынбасары және бас инженері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, пойыз рейске шығар алдында вагондарды қабылдауға және дайындауға жауапты барлық комиссия мүшелері жазаланды.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның орталық аппаратынан арнайы комиссия «Западный» филиалына жіберілді. Компания жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, вагондардың санитарлық жағдайын және қызмет көрсету сапасын жақсарту жұмыстарын жалғастыратынына сендірді.

Новости

Реклама