Tengrinews.kz / Турар Казангапов
- 14 мар. 2026 09:00
- 32
Көрісу күні: Қысқы аязды жеңіп, көктемді қарсы алудың дәстүрі қалай пайда болды?
Әр жыл сайын 14 наурызда қазақстандықтар Көрісу күнін атап өтеді. Бұл күн Наурыз мерекесінің онкүндігін бастап, адамдардың бір-бірімен қауышуына, жақсылыққа ұмтылуына жол ашады. Қысқы аяздан кейінгі қуанышты білдіретін бұл дәстүрдің тарихы тереңде жатыр.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көрісу тойының тарихы
Көрісу дәстүрі қазақ халқының көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Қысқы боран мен қалың қар ауылдарды бір-бірінен айлап бөліп тастайтын. Сондықтан көктемнің келуі – тіршіліктің жаңаруы, ал туыстармен, көршілермен қауышу – ерекше бақыт саналған.
Тарихшылардың айтуынша, бұрын Көрісу тойы әр аймақта наурыздың 10-ы мен 17-сі аралығында тойланған. Бұл көбінесе климаттық ерекшеліктерге байланысты болған. Батыс өңірлерінде қыс ертерек аяқталатындықтан, мереке де басқа аймақтардан бұрын бастау алған.
Профессор Қалыш Аманжолдың айтуынша, 1926 жылы бұл дәстүрге тыйым салынған. Кейіннен, 80-жылдардың ортасында, Горбачевтің қайта құру саясатынан кейін Наурыз бен Амал мерекелері қайта жандана бастады. Оның бастамашыларының бірі – қазақ халқының көрнекті тұлғасы, мәдениет министрі, кейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология хатшысы болған Өзбекәлі Жәнібеков.
Көрісу күнінің 14 наурызға бекітілуі де кездейсоқ емес. Тарихшылар бұл күннің 1918 жылы Григориан күнтізбесіне көшумен байланысты екенін айтады. Ескі және жаңа стиль арасындағы 13 күндік айырмашылық салдарынан, ескі стиль бойынша 1 наурыз (көктемнің басталуы) жаңа стиль бойынша 14 наурызға сәйкес келген.
«Көшпенділер үшін қыс – ерекше, өте ауыр кезең. Бұл сынақ уақыты. XV ғасырдан бастап жазылған саяхатшылардың еңбектерінде қазақтардың жаз бен көктемдегі өмірінің таңғажайып болғаны, ешкімнің ондай өмір сүрмегені туралы айтылады. Ал қыс – нағыз сынақ», – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері Салтанат Асанова.
Неге «Амал мейрамы» деп те аталады?
Көрісу күнін кейде «Амал мейрамы» деп те атайды. Профессор Қалыш Аманжолдың сөзінше, бұл күннің «Амал», «Хамал», «Отамал» немесе «Отамалы» деген де атаулары болған.
«Амал» (немесе «Хамал») сөзі көне парсы күнтізбесінен енген және Қой шоқжұлдызын білдіреді. Күн осы шоқжұлдызға енгенде астрономиялық көктемнің басталуы саналады.
Халық арасында 14 наурызда аспаннан жеңіл қар – «Наурыздың ақша қары» жауатынына сенген. Мұны жаңа жылдағы молшылық пен береке-бірліктің нышаны деп санаған.
Көрісу қалай тойланады?
Мерекенің негізгі мәні атауында жатыр: «көрісу» – «бір-бірін көру» дегенді білдіреді. Бұл күні үлкендерге сәлем беріп, батасын алу дәстүрге айналған. Бұл – отбасылық бірлікті, үлкенге деген құрметті көрсетеді. Сондай-ақ, бұл күн – қыспен бірге өткен өкпе-реніштерді ұмытып, кешірім сұрауға, кешіруге мүмкіндік беретін күн.
Көрісу реті
Ереже қарапайым: кіші үлкенге сәлем береді. Таңертең міндетті түрде рудың ең үлкен ақсақалының немесе әжесінің үйіне барып, құрмет көрсетіп, батасын алу қажет. Бұл күні кем дегенде үш үйге кіруді жақсы ырымға балаған.
Көрісу – «нөлден бастау» күні. Қыс бойы жиналған реніштер мен өкпелер артта қалуы тиіс. Тіпті қатты ұрысып жүрген адамдардан да кешірім сұрау қабылданған.
Сәлемдесу рәсімі
Ұзақ уақыттан кейін кездескенде бір-бірін құшақтап, «Бір жасыңмен!» деп сәлемдеседі. Бұл – адамның тағы бір жыл өмір сүріп, қысты аман-есен өткергеніне деген құттықтау.
Ер адамдар әдетте екі қолдап қол алысады. Бұл – адалдық пен арам ойдың жоқтығының белгісі. Ал әйелдер кезектесіп оң және сол иықтарымен сәлемдеседі.
Үлкендер бата бергеннен кейін, бетке қолды сипап, «Әумин» деп айту керек. 14 наурызда қол алысудан бас тартуды жаман ырымға балаған.
Көрісу қайда тойланады?
Бұрын Көрісуді тек Батыс Қазақстанның дәстүрі деп санайтын (Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары). Ол жақта бұл мереке Кеңес үкіметі кезінде, Наурызға ресми тыйым салынған кезде де сақталып қалған.
Алайда, қазір бұл дәстүр кеңінен тарады. Амал мерекесі Қостанай, Сырдария облыстарында, сондай-ақ қазақ дәстүрлері мықты сақталған Ресейдің шекаралас аймақтарында (Астрахань, Орынбор, Саратов) да аталып өтеді. «Наурызнама» онкүндігінің енгізілуімен бұл мереке жалпыұлттық бірлік нышанына айналды.
Бүгінгі таңда Көрісу – өз тамырыңды еске алуға, ұлттық киім киіп, туыстар мен көршілерді аралап, ізгі тілектер мен батамен алмасуға мүмкіндік беретін күн. Әрине, бір-біріңізді құшақтап, «Бір жасыңмен!» деп айтып, көктемнің тек табиғатқа ғана емес, адамдардың жүрегіне де келгенін сезінуге жағдай жасайды.
Айта кетейік, Қазақстанда 14-23 наурыз аралығында Наурыз мейрамына арналған мерекелік және мәдени іс-шаралар сериясы – жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі өтеді. Онкүндіктің әр күні белгілі бір тақырыпқа арналып, белгілі бір құндылықтармен және дәстүрлермен байланыстырылған.
«Наурызнама» кестесі:
Сондай-ақ оқыңыз: [Қазақстандықтар Наурызда қалай демалады: күнтізбе](https://tengrinews.kz/healthy/skolko-dney-otdohnut-kazahstantsyi-marte-2026-goda-kalendar-591397/)