Последнее обновление

(Время обновление 13 минут назад)
Коучинг саласына жаңа талаптар: Депутат Асхат Аймағамбетовтің қуанышты хабары

Қазақстанда коучинг саласына қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл өзгерістер 2026 жылдың 14 ақпанынан бастап қолданысқа беріледі. Енді «коучпын» деп өзін таныстыра салу жеткіліксіз болады, маман өз білімі мен кәсіби дайындығын арнайы құжаттармен растауы тиіс.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Ертеңнен бастап өзіңді коучпын деп айта салу мүмкін болмайды. 14 ақпанда елімізде Коучинг қызметінің кәсіби стандарты ресми түрде күшіне енеді. Бұл жай ғана сән немесе BIO-дағы әдемі сөз емес, мемлекет реттейтін мамандық. Ең бастысы – коучтардың білімі мен біліктілігін растайтын арнайы құжаттары болуы қажет, басқа да талаптар бар», – деп жазды депутат Асхат Аймағамбетов Threads желісіндегі парақшасында.

Жаңа стандарттың мақсаты

Жаңа стандарт коучтердің кәсіби құзыретін айқындап, олардың дайындық деңгейіне нақты талаптар қояды. Сарапшылар бұл өзгерістердің қызмет сапасын арттыруға, тұтынушылар құқығын қорғауға және кәсіби дайындығы жоқ адамдардың нарыққа еркін кіруін шектеуге бағытталғанын атап өтуде.

Соңғы жылдары өзін «жеке даму сарапшысы», «мотивация тренері» немесе «коуч» деп таныстыратындар көбейгенімен, олардың кәсіби деңгейі мен біліктілігіне нақты бақылау болмаған. Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық тудырып, үкіметтің назарын аударды.

Коучинг – бейресми білім беру форматы

Қолданыстағы заңнамада коучинг ересектерге арналған бейресми білім беру қызметі ретінде қарастырылады. Оқыту формасы, ұзақтығы немесе өткізу орны нақты регламенттелмеген. Негізгі идея – адамға өзін дамытуға, әлеуетін ашуға, өмірлік бағыт-бағдарын анықтауға көмектесу.

Алайда, бұл саланың реттелмеуі түрлі күмәнді қызметтерге жол ашқан. Кейбір «мамандар» әлеуметтік желілер арқылы курстар сатып, түрлі уәде беріп, бірақ нақты нәтиже ұсына алмай отырғаны жиі айтылады. Көп жағдайда берілетін сертификаттардың да мазмұны мен сапасына ешқандай бақылау жоқ.

Шетелдегі коучинг стандарттары

АҚШ пен Еуропа елдерінде коуч болу үшін арнайы курстардан өтіп, кәсіби қауымдастықтардан сертификат алу талап етіледі. Мысалы, International Coaching Federation (ICF) секілді ұйымдар коучтердің кәсіби стандарттарын бекітіп, аккредитация жүргізеді. Ресей мен Жапонияда да сағаттық оқу талаптары мен қайта даярлау жүйесі бар.

Ал Қазақстанда бұған дейін коучинг қызметін бастау үшін лицензия, рұқсат немесе міндетті кәсіби біліктілік талап етілмеген. Кез келген адам өзін коуч ретінде таныстырып, курс өткізе алатын. Бұл жағдай тұтынушылардың құқықтарының қорғалмауына және сапасыз қызметтің көбеюіне себеп болып отырған.

Новости

Реклама