Фото архив Lada.kz
- 09 дек. 2025 11:32
- 50
Маңғыстауда жоғалып кеткен азамат өлі табылды: Полиция шындықты айтты
Маңғыстау облысында екі апта бойы іздестірілген Александр Насибаридің оқиғасы қайғылы аяқталды. Полиция департаменті жоғалған азаматтың денесі табылғанын және бұл жазатайым оқиға емес, қылмыстық іс екенін растады.
Тәртіп сақшыларының алдын ала болжамы бойынша, қайғылы жағдайға тұрмыстық жанжал себеп болуы мүмкін. Қазіргі таңда тергеушілер қылмысқа қатысы бар деген күдіктілердің жеке басын анықтап үлгерді.
Оқиғаның маңыздылығы соншалық, Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Сағындық Аяғанов оқиға орнына арнайы барған.
Күдіктілер ұсталды ма?
Полиция қазіргі уақытта күдіктілерді құрықтау үшін жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Іс генералдың жеке бақылауына алынған.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, қылмыс өзара келіспеушілік немесе тұрмыстық жанжал негізінде жасалған. Қазір тергеу амалдары жалғасуда», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Екі апталық үміт үзілді
Еске сала кетейік, Александр Насибари биылғы жылдың 24 қарашасында үйінен шығып кетіп, сол күйі қайтып оралмаған еді. Туыстары дабыл қағып, ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тараған болатын. Еріктілер мен полиция оны табамыз деп үміттенген.
Алайда, 8 желтоқсан күні суыт хабар жетті. Ақтау тұрғынының денесі қала сыртындағы "Радон" ыстық бұлағы маңынан табылды. Сараптама қорытындысынан кейін оқиғаның нақты қалай өрбігені белгілі болмақ.