
- 28 авг. 2025 21:27
- 12
Бердалы Ораз Ғабитұлы
Зейнет жасындағы маманның жұмыс орнын босатпай ары қарай жалғастыра беруін құптайсыз ба?
Зейнет жасындағы маманның жұмыс орнын босатпай ары қарай жалғастыра беруін құптайсыз ба?
Қазақстан қоғамында талай жылдан бері қызу талқыланып келе жатқан мәселе бар: зейнет жасына жеткен мамандардың қызметін жалғастыра беруі. Бірі «тәжірибелі кадрдың орны толмас» десе, енді бірі «жастардың жолын бөгейді» деп шорт кеседі. Ендеше қайсысы дұрыс?
Зейнет жасына келген әр қызметкер – ең алдымен қоғамның алдындағы еңбегін атқарып, зейнетақысын алуға құқылы азамат. Ол өзінің кәсіби тәжірибесімен, білімімен үлгі болуы мүмкін. Бірақ, мәселенің екінші жағы бар: жұмыс орнын босатпай отырған зейнеткерлердің кесірінен жас мамандардың мансапқа жолы жабылады. «Жастар жұмыссыз, ал орындар зейнеткерлерге берілген» деген наразылықтың астарында осындай шындық жатыр.
Бір қарасаңыз, бүгінгі еңбек нарығында жаңа идеяға, тың серпінге зәру салалар көп. Жаңа технология мен цифрлық дәуірге бейімделген жастардың әлеуеті зор. Алайда олардың қабілеті іске қосылмайды, өйткені орын бос емес. Бұл – еліміздің кадрлық саясатына үлкен кедергі.
Әрине, тәжірибелі маманды құрметтеу – міндет. Бірақ құрметтеу жұмыс орнын «өмір бойғы монополияға» айналдыру деген сөз емес. Зейнетке шыққан адам өзінің білімін жастарға үйретіп, кейінгі буынға жол көрсетуі тиіс. Ал орынға жабысып алудың қоғамға да, мемлекетке де пайдасы шамалы.
Сұрақ туындайды: егер әрбір зейнеткер «мен әлі тыңмын, орнымды босатпаймын» десе, жастар қайда барады? Білімді, бірақ жұмыссыз қалған жастар ертең елден үміт үзсе, кім ұтады?
Демек, әділетті шешім – зейнет жасына жеткендер жастарға орын беруі керек. Қаласа, тәжірибесін бөлісетін кеңесші, тәлімгер ретінде қызметін жалғастырсын. Бірақ негізгі штатта жастардың жолын ашу – уақыт талабы.
Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі жастардың қолында. Ал жастарға мүмкіндік берілмеген жерде болашақ та болмайды.