Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Мұхтар Мағауин. Тәңірі – Құдай – Алла

Қазақ ұғымындағы Жаратушы Құдіреттің ең негізгі, үш тармақ: Тәңірі, Құдай, Алла атаулары, сырттай байыпта ешқандай талассыз, тепе-тең мағналы, синоним сөздер. Ойлап қарасақ, дәп солай емесін аңдаймыз. Үйлес, бірақ өзара айырымы да бірталай екен. Шындығында, осы үш пара сөзде туған халқымыздың, бері дегенде үш мың жылдық тарихы жатыр. Әр замандағы әрқилы тағдыр мен наным нәтижесі.

Ең соңынан бастасақ, Алла – діни ұғым ретінде исламмен бірге келді. Біздің жұрттағы әуелгі, там-тұм дерегі – VІІІ ғасыр. Онша көп ұзамай, ішінара біршама таралғанын көреміз. Орталық Азияны тезінен жаулағаны тұрыпты, сонау қиырдағы Татар Даласына Шыңғыс хан заманында жетіп үлгерген. Рас, бұл тарапта жетекші емес. Жасақ заңы мен Білік қағидалары дін атаулыға теңдік дағуасын жариялауына байланысты, тыйым, тоқтау жоқ, біршама ықпалды. Осы орайда, Шыңғыс ханның байырғы, ең сенімді нөкерлерінің бірі, ұлы жолбасшыдан соң Өкетай және Күйік қағандар тұсында империяның бас уәзірі есепті, ең ірі тұлғасы болған Керей Шыңқайдың атын атаудың өзі жеткілікті.

Ілкіде, исламдық Хорезм әсерімен Шығыс Дәшті қыпшақтары да хақ дінге біршама мойын бұрған. Ал Жошы ұлысы заманында Еділден ары өтіп, жалпы жұрттың біршама бөлігі қабылдаған, үйреншікті жағдайға жетті. Алтын Орда – Берке ханның тұсында (1257-1266) билеуші таптың негізгі сенімі, ал Жәнібек хан тұсында (1342-1357) мемлекеттік дін дәрежесінде. Барша жұрт – ислам, соған орай ең үлкен Құдірет ретінде Аллаға бас ұрғанымен, ежелгі, халықтық ұғым-рәсімдер де қатардан қалмаған. Қазақ Ордасы – ХVІ ғасырдың басы, Бұрындық, Қасым хандар заманында Бұхара мен Самарқанд дінбасылары қазақтың мұсылмандығына күмән келтірген пәтуа шығарып, Шәйбани ханның қантөгісті, жойқын жорықтарына мақұл тапқан. Тіпті, ХVІІІ ғасырдың өзінде, арғы түбі бүгінгі Моңғол үстірті, ежелгі Татар Даласынан шыққан Орта Жүз – Керей, Найман, Қоңырат, олармен тағдырлас, енді әр Жүзге кіріккен Жалайыр, Таз, Шанышқылы, Алтын, және басқа да рулардың Тәңірі дінінен, сөз емес, іс жүзі – тұрмыс пен күнделікті рәсімде мүлде қол үзіп кетпегенін көреміз.

Исламның қазақ арасында біржола орнығып, күшеюі – Орыс басқыншылдығына байланысты, отарлық тәртіпке қарсы идеологияның бір тармағы ретінде. Айтқанымыздай, Алтын Орда – Жәнібек хан заманынан бастап, қазақ өзін ешқандай күмәнсіз, мұсылман санады. Соның айқын бір көрінісі – «Лә илаһа илл-алла» – «Алладан басқа жаратушы жоқ» – қазақ кәлиманың толық тұжырымына тоқтаған: «Құдай – бір, пайғамбар – хақ» дейді, ұлт тіліндегі бұрынғы-соңғы тәржіманың үздік үлгісі.

Құдай – бір, пайғамбар – хақ!

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас!» – деп тұжырған ұлы Абай. Сонымен қатар: «Күндіз-түні ойымда бір-ақ Тәңірі», – депті.

Алла мен Тәңірінің теңдес дәрежеде қабылданылуы, тіпті, көп ретте Тәңірінің Алладан бұрын аталып, алдыға түсіп қана қоймай, Жаратқанның бірден-бір есімі ретінде қолданылуы – ХІ ғасыр, Махмұд Қашғаридан басталған. Абай да осы қалыпты үлгі бойынша, Алладан гөрі Тәңіріні көбірек ауызға алады.

Тәңірі, қазақ әдебиеті ғана емес, қазақ тұрмысы, әдепкі сөйлеу сөзінде кеңінен көрініс тапқан. Өйткені, Алла – қаһар, тым жоғарыда тұрған өзгеше құбылыс, жат емес, әйтсе де үрейлі, қорқынышты тылсым, қайткенде, ақыр түбі, әлденеден кінәлі пендесін қатаң жазаға тартуы мүмкін дүлей. Дін кітаптарында рақымды, мейірбан, кешірімді деп қаншама дәріптелсе де, біздің бұла көшпенді әуелде жат жұрт арқылы сырттан келген Аллаға қауіптене қараған. Сондықтан да, Құраннан бастау алатын Құдіретке сөзсіз бағыныш – Тәңіріге емес, Аллаға және күнделікті, ауызекі тілде Құдайға ғана байланысты. Тәңірінің құлы дейтін тіркес жоқ. Тәңірі – еркіндік, етене туыстық көрінісі. Сондай-ақ, Алланың құлы деп те айтылмайды. Құдайдың құлы. Екі ретте де Тәңірі емес. Қазірде ішінара айтылып жатса, бұл қолдан жасалған тіркес.

Байырғы қазақ Тәңіріні туыс тұтса, Аллаға күмән келтірмегенмен, қатты қорыққан, бұл сезім – көбіне шектеулі ғұмырдан соңғы о дүние туралы дәйектерге қатысты. Ислам діні бойынша, өлгеннен соң, қаншама ықылым өтсе де, мұсылман баласы ақыр түбінде міндетті жауапқа тартылмақ. Таразының екі басы бар: ұжмақ және тозақ. Ұжмақ – жан рақаты, алайда оған өту – қияметтің қиыны, тіпті, мүмкін емеске тақау жағдай. Ал тозақ – азды-көпті күнәсі болмауы мүмкін емес, кез келген пенденің үлесіне түсуге ықтимал, мәңгілік азап.

Ал Тәңірінің жөні бөлекше. Сен кім болсаң да, өлгеннен соң, арғы дүниеде қалыпты өмірің басқа бір тұрғыда, одан әрі жалғаса бермек. Яғни, шын мәнісіндегі өлім жоқ, кісі өмірі ешқашан үзілмейді. Енді Аруақ ретінде сабақтасуға тиіс. Бұл Аруақ өзінің артта қалған тікелей ұрпақтарын ғана емес, ұлыстың әйгілі тұлғаларынан бастап, бар халқын, бүткіл ел-жұртын мейлінше қолдап жүрмек, қысылтаңда демеу көрсетіп, күш беріп, өзінің қандас халқымен бірге жасай бермек. Неше ғасыр болды, исламға біржола бет бұрған қазақтың күні бүгінде Аруақты қастерлеп, ұран ұстап отыруы – осы, ұлттық, өзгеше түсініктен бастау алады.

Әлбетте, Аруақ – ең көне, байырғы, сакральды ұғым – Тәңірі есімімен байланысты. Ежелгі прототүрік және кейінгі жалпы түрік һәм қазақ қауымында Тәңірі, яғни Көк (Аспан) – Көк Тәңірі – бар жаралмыстың басы және байырғы, бейберекет, тұрпайы ұғымдардың сүзгілей жинақтала келіп, бір арнаға құйылған, қуатты көрінісі. Тәрізі, Ғұн заманында, тіпті, одан көп бұрын қалыптасып, дәстүр-салты үйлес, сөйлеу тілі туыстас бүткіл баба-түрік қауымы бірегей, сөзсіз қабылдаған нұсқа. Аттила заманының өзінде негізгі құдірет. Алғашқы, Ұлы Түрік қағанаты дәуірінде бар күшінде. Есебі, кейінгі, жалпы түрік қауымы, оның ішінде қазақ үшін де өзіне «меншікті», тым жоғары – зеңгір аспанда тұрса да, етене, бауырлас Жаратқан. Сондықтан да, Тәңіріге (Көкке, Көк Тәңірісіне) көзқарас та Құдай мен Алладан мүлде басқаша. Ауызға оңай ілінеді және тек қана етене, ұнасымды мағнада. Ауыл үйдің үлкен ағасы кейіпті. Арғы бір заманда тым ауыр естілуге тиіс «Көк соққан» сөзі ендігіде айып, қарғыс емес, әзіл есепті. «Тәңірі жарылқасын», «Тәңірінің көзі түзу болсын» – адамды алқаудың кеңшілікті, ең мейірбан көрінісі. Кейінде, дәп осы негізде қалыптасқан «Алла жарылқасыннан» мүлде дерлік басқаша.

Енді азғана сөз – Құдай есіміне қатысты. Қазақ ұғымына исламнан бұрын жұғысқан. Әлбетте, Тәңіріден көп кейін. Негізінде парсы тілді атау. Сақ-скиф заманынан емес. Еуропа және орыс ғылымында қалыптасқан, бұл жұрттың арий тектілігі туралы тұжырымның қисыны жоқ. Біздің бабаларымыз Иран нәсілді қауыммен алғашқы, Ұлы Түрік қағанаты заманында ғана көршілескен. Соғысқан, ығыстырған және біршама топтарын бодандыққа мәжбүрлеп, ассимиляцияға түсірген. Жаратушының Тәңіріге жалғас екінші атауы ретінде Құдайдың кіріге бастауы да осы V-VІ ғасырлар межесі деп шамалауға болады. Әуелде біршама ұнамсыз тұрғыда. Уақыт оза келе, әсіресе, исламға жалғас кезеңде, жаңа діннің уағызшылары Иран тарабынан көптеп келуіне байланысты, мән-мағнасы жаңғыра бастаған. Енді, Жаратушының тағы бір ныспысы ретінде орнығады. Ауызекі сөзде және жаппай танымда. Әйткенмен, әуелгі, ет-жақын Тәңірінің дәрежесіне жете aлмаған. Сондай-ақ, кейінгі Алладан да көп төмен. Айтқанымыздай, қазақ Тәңіріні туыс тұтса, Алладан именсе, Құдайға риясыз бас ұрмайды, жаттығын ұмытпайды. Міне қараңыз. Әлденеден ашынып, кейіген кезде: «қу Құдай», «шұнақ Құдай...» Қу Тәңірі, шұнақ Алла деп көріңіз. Ешбір қисынсыз. Бұрнада, әсіресе әйелдердің аузына еркін оралатын. Түңіле зарыққанда: «Бұл Құдайға не жазып едім...», «көрсоқыр Құдай...» Тәңіріге, Аллаға емес. Өйткені, Тәңірі – жанашыр, Алла – мінсіз. Сондықтан тіршіліктегі барлық мехнат, азап пен машақат – Тәңірінің ісі, Алланың жазуы емес, Құдайдың қарғысы, соның әділетсіздігі мен көрмес соқырлығының зардабы.

Ауызекі сөзде, қалыпты ұғымда бұл үш Құдірет – Тәңірі, Құдай, Алланың арасы саналы түрде ажыратылып жатқан жоқ, бәрі де Жаратушы тылсым күш. Алайда, түпкі табиғатында әрқилы мағналық сыпаты болғандықтан, күнделікті, ауызекі қолданыста, тіпті, әдеби нұсқаларда өзара айырымы бірталай екен. Тарих таңбасы, ұлттық тілдің, халықтық менталитеттің өзіндік бір көрінісі.

Көптен ойда жүрген толғам еді, орайымен қағазға түсірдік. Енді, біздің дүмше діндарлар үшін амалсыз ескертпе: біз Аллаға ғана емес, оның теңдес, тіпті, қазақ үшін әспетті және бір атауы – Тәңіріге және осы екі аралықта ұғымға еніп, ана тілімізге кіріккен Құдай атауына да шәк келтірмейміз. Алла – бір, пайғамбар – хақ! Қазақ елін Тәңірі жарылқағай! Тірі пендеміз Құдайдың назарынан қақас қалмасын!

Арыда үш-төрт мың жыл бұрын Көктен түскен Тәңірі, одан беріде, мың жарым жыл бойы санаға орныққан Құдай, ақыры, кейінгі заманда, анығы – жеті жүз жыл бұрын жетекші орынға шыққан Алла – болмыс-бітімі ғана емес, тиесілі атаулары да үш тармақ, әйтсе де бірегей таным – діни өждан, рухани қуат; тылсымға әлденендей күмән ұштығы – ғайри санаға, жабайы топастыққа ұласпақ.

Ең бастысы, Біз – Қазақпыз. Ұлттық танымдағы қандай да ұғым, сенім – тек қана қазақтық тұрғымыз арқылы бекемдене түспек. Осы орайда, исламшылдық – мемлекеттік, ұлттық санаға селбес, көмекші ретінде танылмағы ләзім; қандай да әлеуметтік идеология атаулы ең алдымен біздің қазақтық рухымызға қызмет етуі шарт!

Біз – Пәкістан, Сауди Арабия, немесе басқа бір ислам жұрты емеспіз, бұрнада Қазақ Ордасы атандық, бүгінде Қазақстан республикасы болып отырмыз. Осы бір ұлттық мемлекеттің түпкілікті мүддесіне қайшы қандай да ағым – бізге жат көрінуге тиіс!..

 

5-6.ХІІ.2023.

Кемер, Түркия.

 

Дереккөз  Adyrna.kz сайты

You Might Also Like

Новости

Реклама