Photo: James Lee (https://www.pexels.com/@james-lee-932763) / Pexels
- 08 мар. 2026 14:00
- 27
"Назарбаевтың ауызашарынан ғажап әсер алдым": Астанада экс-президент ауызашар берді
Астанадағы бас мешітте өткен ауызашарға қатысқан азаматшаның әсерлі жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыға айналды. Ол бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйымдастырған ауызашарынан алған әсерін бөліскен.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads желісінде Балерке Құрманғалиева есімді пайдаланушы: "Бүгін Астана қаласында Бас мешітке, жамағаттың ауызашарына бардым. Қанша уақыт ораза ұстап жүрсем де, бірінші рет мешіт жамағатымен ауыз аштым. Ауыз ашарды кім беріп жатқанын өзім де естіп таң қалдым. Алланың құдіреті шексіз ғой. Тұңғыш елбасымыздың ауызашары екен. Білмеймін, бір керемет әсер де болып қайттым, артынан тарауихқа қалдық. Аллаһ сол ризықты бұйыртып тұрғанын айтам да. Таныс, туған, дос-жаран ауызашарға барған бір басқа да. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің ауызашарына қонақ болу бір басқа", - деп жазды.
Аталған жазба көпшіліктің назарын аударып, түрлі пікірлер тудырды. Кейбір оқырмандар экс-президентке игі тілектерін білдірсе, енді біреулері "халықтың ақшасына істеп жатыр", "ауызашар беріп, сауап жинағысы келген болар", "сонша жазатындай емес қой, бүкіл облыста ауызашар беретін миллиардтары бар емес пе оның" дегендей сын пікірлер айтты.