Photo: Juan Pablo Serrano (https://www.pexels.com/@juanpphotoandvideo) / Pexels
- 08 мар. 2026 16:30
- 51
Нұрғали Нүсіпжанов жарына арнаған жүрекжарды лебізі: «Жарама жалау болған жапырағым»
Қазақстанның халық әртісі, қазақ ән өнерінің дара тұлғасы Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында жан тебірентерлік жазба жариялады. Аңыз әнші бұл жолы жары, танымал журналист Жадыра Сейдешкеге деген шынайы сезімі мен терең құрметін білдірді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өмірдің талайына куә болған жан серігі
Нұрғали Нүсіпжанов өзінің өмірлік жолындағы қиындықтар мен қуаныштарды бастан кешкенін айтып, жарының оған қаншалықты сүйеніш болғанын жеткізді. Әншінің сөзінше, жас ұлғайған шақта тайғақ ғұмырдың тарам жолында сүйеніш болар серік болмаса, алдағы өмірінің қалай өріс алар еді деп ойлауға да қорқады екен.
«Ата-анаңның әруақтарының алдында ақ басымды идім, алтыным! Жас ұлғайған шақта тайғақ ғұмырдың тарам жолында сүйеніш болар серік кездеспесе, өнермен өріліп келе жатқан алдағы өмірім қалай өріс алар еді? Ол жайлы ойлауға да қорқам… Жасырып, жаба тоқып қайтейін, тағдыр талайыма сызылған маңдайдағы жазудың ыстық-суығын бір адамдай көрдім. Күйгенім де, күйінгенім де рас, тоңып-жаурағаным да өзгеден гөрі өзіме мәлім… Соқтықпалы, соқпақты ғұмыр дариясының бедер-белесі де аз болған жоқ… Бұралаң-бұлтағы көп жалған дүниенің қиыны мен қызығын да қатар көрдім… Аурудың азабын арқалатқан жылдары жалғыздықпен бетпе-бет жүздестім… Сыналдым, бірақ сынбадым, құласам да мұқалмадым», – деп жазды аңыз әнші.
Зиялы қауымның бағасы
Нұрғали Нүсіпжанов Жадыра Сейдешкеге кәсіби журналист ретінде де жоғары баға беретінін атап өтті. Оның айтуынша, зиялы қауым өкілдері Жадыраны «дара дарын иесі, туа бітті талант» деп таныған.
«Басыма сындарлы сәт туғанда Алла Тағала маған сөз өнерін серік еткен аяулы аруды сыйлады… Қай өнердің де тірегі – асқақ адамгершілік қой… Кәсіби журналист ретінде Жадыраны бағалаған жалғыз қазақ мен емеспін. Маңдайалды марқасқаларымыздың ақ батасын арқалап, аға-апаларының алғысына жастайынан бөленген Жадыраға «дара дарын иесі, туа бітті талант» деп баға берген де сол зиялы қауым өкілдері… Талғат Бигелдинов, Шер ағаң, Қадыр, Тұманбай, Фаризадай азулы ақындар мен Әбіш Кекілбай, Герольд Бельгер, Асанәлі Әшімов сынды аңыз адамдардың бір жапырақ Жадыраны төбелеріне көтергенін көзіммен көрдім және мың сан мәрте ішімнен: «Шүкір, тәубә!» – дедім», – деп толғанысын білдірді әнші.
Жүрекжарды тілек
Әнші өзінің сүйікті жарына туған күнімен және Арулар мерекесімен құттықтауға құқылы екенін айтып, оған деген сүйіспеншілігін жеткізді.
«Асылдың сынығы, тектінің тұяғысың ғой, алтыным. Анаң ажал сапарына аттанғалы жанарыңа мұң ұялап, жаныңды қайғының қасірет табы жаралады. Тұнжыраған жүзің, күлуден қалған көзің – жүрегімді қанжардай тіліп барады… Сенің мен үшін жасап жүрген көл-көсір еңбегіңді қазақ руханиятына көрсеткен құрмет-қошеметің деп білем. Алладан сұрарым – алдымда аман жүрші, жарығым… Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін, жаралы жаныма жалау болған бір жапырағым…», – деп жазбасын аяқтады Нұрғали Нүсіпжанов.